Абай облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жобаларды іске асыру жалғасуда. Өңір әкімі Берік Уәли Үкімет отырысы барысында бүгінгі таңда ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 93,4%, оның ішінде қалаларда - 94,2%, ауылдарда - 93,1% құрайтынын баяндады, - деп хабарлайды Dalanews.kz
320 ауылдық елді мекеннің 171-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген, 99-ында блок-модульдер орнатылған, тағы 24 елді мекен суды жергілікті су көздерінен алады. Ал 39,4 мың адам суға қол жеткізе алмай отыр.
«Мемлекет басшысының халықты таза ауыз сумен 100% қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Абай облысында 14,4 млрд теңгеге 37 жоба іске асырылуда»,— деді әкім.
Оның ішінде, жалпы сомасы 10,7 млрд теңге болатын 19 жоба Үкіметтің қолдауымен жүзеге асуда. 6,2 млрд теңге сомасындағы тағы үш жоба облыстық бюджет қаражаты есебінен басталды, бүгінде оның 620 млн теңгесі бөлінді. Құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Қосымша қаржыландыру мәселесі салалық министрліктермен келісіледі. Берік Уәли осы жобалардың барлығын іске асыру және пайдалануға беру өңірдегі сумен жабдықтау мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.