Елге инвестиция тарту – тек қаржы көзі ғана емес, сондай-ақ, шетелдік тәжірибенің, мүмкіндіктердің келуіне мүмкіндік ашу. Бұл өз кезегінде дамудың жаңа бағытына, ауқымды өзгерістерге, экономиканың әр саласына тың серпін береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында жобаларды тиімді іске асыру үшін инвестиция тартудың маңызы зор екенін айтқан еді. Әсіресе, шетелдік инвесторлар мен отандық бизнес өкілдерін, кәсіпкерлерді ынталандыру қажет екенін бірнеше мәрте айтты. Экономиканың дамытудың алғышартында сыртқы саясатта инвестиция тарту, сонымен қатар, отандық экспортты ілгерілету тұратыны анық. Бұған дейін 2025 жылға дейінгі аралықтағы жоспар бойынша шетелдік инвестиция көлемін жалпы 30 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланып отырғаны айтылды.
Былтырғы жылдың қорытындысы туралы ресми мәліметтерге сүйенсек, экономикада өсім 5,1 пайыз болған. Соның ішінде құрылыс, сауда, байланыс, өнеркәсіп секілді басты салалар жоғары нәтиже көрсеткен. Ал бастысы инвестиция көлемі 13,7 пайызға өскен. Шетелдік инвестиция көлемі 19,7 миллиард доллар болса, 11 миллиард доллары шикізаттық емес салаларға жұмсалған. Қазақстан экономикасында кейінгі жылдары шетелдік инвестиция көлемі едәуір артып келеді. Бұл туралы экономист сарапшылар да жиі айтып жүр.
Оның үстіне Қазақстан ТМД елдері бойынша шетелден келетін инвестиция көлемі бойынша алдыңғы орындарда. Бұл дегеніміз – экономиканы дамытуда инвестиция тартуға зор көңіл бөлініп жатқанының көрінісі. Кейінгі деректерге сүйенсек, посткеңестік елдер арасында былтырғы инвестиция көлемі жағынан Қазақстанға барлық инвестицияның 61 пайыз үлесі тиеді. Салыстырмалы түрде көршілес Өзбекстанда бұл кезеңде 2,5 миллиард доллар инвестиция тартылған.
Ал Қазақстанға инвестиция салып жатқан алпауыттар ішінде Нидерланд, Қытай, АҚШ, Ресей, Швейцария секілді елдер бар. 2023 жылы Қазақстан 70-ке тарта жоба бойынша келісімшартқа қол қойған. Бұл елімізді әртүрлі бағытта дамытуға, атап айтқанда білім беру, транспорт, газ, электр энергиясы секілді салаларға бағытталған. Жалпы инвестиция Астана, Алматы секілді мегаполистерге көбірек тартылған. Одан бөлек Ақмола облысы да алдыңғы қатардан көрінеді.
Бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбатында белгілі экономист Ернар Серік Қазақстанның дүние жүзі бойынша инвестиция көлемінен алдыңғы орындардан көрінуіне нақты себептер бар екенін де айтқан болатын. Сарапшының сөзіне сүйенсек, Қазақстанда макроэкономикалық жағдай әлдеқайда тұрақты, оның үстіне түрлі шаралар қолға алынған. Мұның бәрі инвесторлардың қызығушылығын туғызады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 2029 жылға дейін жалпы инвестицияны 150 миллиард долларға дейін жеткізуді міндеттеген еді.
Бұл ретте мемлекеттік деңгейде бірқатар жобалар қолға алынған. Жуырда түркі инвестиция қоры Қазақстанға қатысты өз жұмысын бастады. Бұл қор түркі елдері арасында өзара экономикалық қарым-қатынасты дамытуға бағытталған. Түркі инвестиция қоры аясында ел инфрақұрылымын дамытуға, ауыл шаруашылығы, туризм секілді салаларда бірлескен жобаларға назар аударылады деп күтіліп отыр. Бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – азаматтар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу әрі экономиканы әртараптандыру.
Қалалар мен облыстар да инвестиция тарту бойынша қарқынды жұмыс атқарып келе жатыр. Мәселен, елордада Түркияның, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Австрияның, Ресейдің ірі компаниялары инвестор болып отыр. Мәселен, Катар мемлекетінің Power International Holding атты холдингінің қолдауымен медициналық хаб салынып жатыр. Жалпы бұл жұмысқа бірінші кезеңде 88 миллиард теңге, ал екінші кезеңде 160 миллиард теңге инвестиция көзделіп отыр. Ал араб компаниялары мыңдаған орындық, халықаралық стандарт бойынша мектеп құрылысы жобасын жүзеге асырып жатыр.
Бұл ретте Tiryaki атты түркиялық компания бір жылда 240 мың тонна бидай өндіруге қуаты жететін бидай өңдейтін зауыт салуды көздеп отыр. Жобаға 200 миллион доллар көлемінде инвестиция салынбақ. Ал танымал WILDBERRIES компаниясы ауқымды логистикалық орталық құрылысына ірі көлемде инвестиция бөледі. Осылайша алты мыңға жуық жұмыс орны ашылуына жағдай жасалады. Австриялық компания құрылыс қоспаларын шығаруға арналған зауыт салумен қатар, осы жұмыс аясында көптеген жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр. Ал бұл жұмысқа бөлінетін инвестиция көлемі 25 миллиард теңгеден асады. Президент барлық ішкі мүмкіндікті ел дамуы жолында сарқа пайдалану керек екенін де айтты. Осы орайда Астананы дамытуда отандық инвесторлар да тартылған.
Соның ішінде «ТОКК «Қазақстан» ЖШС және «Land Invest Group» ЖШС-ны атап өтуге болады. Алғашқы ЖШС 55 миллиард теңге тұратын ірі жобаны жүзеге асыруды мақсат еткен еді. Яғни консерві (алюминий) банкалары өндірілетін зауытты іске асыруға кіріскен болатын. Бұл жоба бір жылда миллиардқа жуық өнім шығаруға мүмкіндік береді. Жалпы бір ғана елорда бойынша инвестиция бойынша оң өзгерістер көрініс тауып отыр. Өйткені былтырдың өзінде инвестиция тарту көлемі жөнінен рекорд көрсеткіш тіркеліп, 1,6 триллион теңгеге жеткен. Биылдың өзінде, небары төрт айда 369 миллиард теңге инвестицияланған. Былтыр қалаға шетелдік инвесторлар тарапынан тартылған инвестиция көлемі 2 миллиард доллар болған.
Тағы бір мегаполис Алматы қаласы да кейінгі жылдары экономикалық өсім тіркелуі бойынша рекорд деңгейге жетіп келе жатыр. Қала экономикасын дамытуда инвестиция тартудың маңызы зор. Былтыр қалада 2 триллион теңгеге жуық инвестиция негізгі капиталған салынған. Бұл ретте шағын, орта бизнестің қарқынды жұмысы нәтижесінде 20 триллион теңгенің өнімі өндірілген. Осылайша оң динамикада өсім байқалып отыр.
Инвестиция тарту көлемі жағынан Түркістан облысында да ауқымды жобалар қолға алынған. Бұған дейін өңір әкімі Дархан Сатыбалды табысты, кірісті арттыру үшін өнеркәсіпті дамыту қаншалық маңызды екенін, осы мақсатта инвестиция тартуға баса көңіл бөлінетінін айтқан еді. Мәселен, былтыр өңірге 972 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш Түркістан облысының өңірлер арасында үздік үштіктен көрінуіне ықпал етіп отыр. Ал 2024 жылы өңірге 1 триллион теңгеден асатын инвестиция тарту көзделген. Ресми деректерге сүйенсек, жалпы былтыр Түркістан облысында елуден аса инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Соның ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 30 миллиард теңгеден аса қаржыға 20 жоба өз жұмысын бастаған.
Олардың ішінде өңірде дамыту қолайлы саналатын мақта өндірісі, мұнай өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдері – сүт, шұжық өндірісін, тауық еті мен тауық жұмыртқасын шығаруды, тігін саласын, пластикалық өнімдер шығаратын зауыттарды атап өтуге болады. Өңірге инвестицияның тартудың ең ұтымды нәтижесі – тұрғындарды жұмыспен қамту, азаматтарға арналған жұмыс орындарын ашу. Былтыр бір ғана өңірде шағын, орта бизнес арқылы қырық мыңнан аса адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Осылайша, жұмыспен қамту деңгейінен өңір екінші орынға тұрақтаған.
Түркістан облысында шетелдік компаниялар да инвестиция салып, өндіріс орындарын ашқан. Мәселен, Қытай мемлекетімен арада тоғыз жоба бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Осылайша, облыс экономикасына 1 миллиард теңгеден аса қаржы тарту жоспарланып отыр. Нәтижесінде жиһаз шығаратын, шұлық тігетін зауыттар өз жұмыстарын жалғастырып жатыр. Оған қоса өңірдің екі бірдей ауданында мақта өндіретін зауыт, Арыс қаласында алюминий радиаторларын шығаруға арналған зауыт ашу көзделіп отыр. Қорыта келгенде, өңірде дамытуға қолайлы салаларға инвестиция тарту жұмыстары белсенді түрде атқарылып жатыр.
Өңірлер бойынша жасалған шолу нәтижесінде Қазақстан экономикасына инвестиция тарту көлемі жылдан жылға артып келе жатқаны байқалады. Түптеп келгенде инвестиция тарту елімізде экономикалық тұрақтылықты қалыптастыруымен қатар, дамудың негізгі тетігіне айналып отыр.