Қытай-Қазақстан байланысының тамыры тереңдеуіне не себеп? Саясаттанушы жауап берді

Сағыныш Сардарова 03 шіл. 2024 14:10 1360

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға арнайы сапармен келді. Президент Тоқаев Си Цзиньпинді елорда әуежайында ерекше құрметпен қарсы алды. Екі елдің Мемлекет басшыларының кездесуінде Тоқаев "Қытай - Қазақстанның жақын досы" екенін де айтты. 

Саясаттанушы Асхат Қасенғали Dalanews.kz порталына қытай мен қазақ арасындағы осы байланысқа, Си Цзиньпиннің Астанаға келуіне қатысты пікір білдірді. 

Сарапшы кейінгі кезде Қазақстан үшін Ресейдің рөлі төмендеп, ол позицияға Қытай шығып келе жатқанын айтты.

"Қазақстан мен Қытайдың арасындағы байланыс жыл сайын артуда. Күні кеше ғана Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға келді. Шанхай ынтымақтастық ұйымының аясындағы саммитке келгені белгілі. Алайда екі мемлекеттің арасында мемлекетаралық келіссөздер де жүретіні белгілі. Жалпы екі елдің арасындағы байланыстың жыл сайын артуы - заңдылық. Себебі географиялық тұрғыда шекаралас орналасқан мемлекеттер өзара экономикалық, мәдени, қорғаныс саласы, саяси тұрғыдан байланыс жасауға бейімделетіні түсінікті жайт. Қазіргі уақытта екі мемлекеттің арасында байланыстың артуын экономикалық көрсеткіштердің өсуінен-ақ байқауымызға болады. Мысалы, Қазақстанның осы уақытқа дейінгі негізгі экономикалық серіктесі Ресей болып келсе, енді ол позицияны ысырып, Қытай алғашқы орынға шығуда. Өткен жылы 40 млрд. долларға жуық тауар айналымы болған. Осының бәрі екі елдің арасындағы байланыс жыл өткен сайын артуының негізгі көрсеткіші болып саналады", - деді ол.

Асхат Қасенғалидің пікірінше, еліміз үшін Қытай нарығы - негізгі тауарын экспорттайтын нарық.

"Қазақстан өзінің тауарын шекаралас орналасқан және жеткізуге оңай елдерге бағыттайды. Соның бірі - Қытай. Қытай Қазақстанның кез келген тауарын сатып алуға қабілетті. Оның экономикалық сатып алу қабілеті де, демографиялық мүмкіндіктері де аса жоғары. Екіншіден, Қазақстан тек Қытай нарығына емес, Қытай порттары арқылы өзінің тауарын Оңтүстік-шығыс Азия елдеріне де сатуды көздейді. Мысалы, Қытайдың Қазақстанға берген Ян Юнган деген порты бар. Міне осы портта Қазақстанға арналған терминал бар. Ол терминалға Қазақстан астығын және басқа да өнімдерін жеткізе алады. Сол портты Оңтүстік-шығыс Азия аймағындағы басқа мемлекеттерге тауар жеткізу мақсатында қолданса да болады", - дейді сарапшы. 

Ал Қытай үшін Қазақстанның үш тиімді тұсы бар екен.

"Біріншісі Қытай Қазақстан аймағын транспорт-логистикалық негізде қолдануды қалайды және осы мақсатта қолданып келеді. Қытайдың негізгі сауда-экономикалық серіктесі - Еуропалық одақ. Қытайдың сауда байланысында 45 пайызға жуығын Еуропалық одақ құрайды және осы Еуропалық одаққа Қытай екі бағытта тауарларын жеткізеді. Біріншісі - құрлық жолы, екіншісі - су жолы. Су жолына басымдық береді, себебі теңіз арқылы тауар тасымалдау арзанға түседі. Алайда соңғы уақыттары су жолы арқылы тауар тасымалдау Қытайға қиынға соғуда. Себебі Оңтүстік-шығыс Азиядағы геосаяси жағдай ушығып келе жатыр. Екіншіден, Қытайдың кемелері өтетін Қызыл теңіз аймағындағы жағдай тұрақты емес. Мұның ішінде соңғы уақыттардағы Таяу Шығыстағы қақтығыстар бар. Одан бөлек сол аймақтағы хусейдтердің әрекеттері бар. Соның барлығы Қытайға теңіз жолынан бөлек, құрлық жолын дамытуға басымдық беруге итермелеуде", - деді саясаттанушы.

Сарапшы "Ресей мен Украинаның арасындағы жағдай Қытайдың сауда байланысына әсерін тигізді" деген пікірде.

"Құрлық жолы негізінен Орталық Азия арқылы өтеді. Осы уақытқа дейін Қытайда құрлық жолында екі бағыт бар болатын. Біріншісі - Ресей, екіншісі - Орталық Азия елдері. Соңғы жылдары Қытай Еуропаға Ресей арқылы тауар тасымалдауды азайтты. Себебі Ресей мен Украинаның арасындағы соғыс және Ресейге салынған санкциялар. Ресей аумағынан өтетін кез келген жүк көліктерін тексерудің Еуропа тарапынан ұзаққа созылуы Қытайды негізгі құрлық жолын Орталық Азияға қарай бағыттауға итермеледі, мәжбүр етті десек болады. Орталық Азияда Қытай негізінен Қазақстан арқылы өз тауарын тасымалдайды. Яғни Қазақстаннан Каспий теңізі арқылы Кавказға жетеді, Кавказдан Еуропаға шығу мүмкіндіктері пайда болады. Сондықтан Қытайдың негізгі мақсаты - Қазақстан арқылы транспорт-логистикалық мүмкіндіктерді пайдалану. Бұл - бір.

Екіншіден, Қытай - өзінің азық-түлік қауіпсіздігіне аса жоғары мән беретін ел. Ол түсінікті де, 1,5 миллиардқа жуық халық бар. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігін бірінші орынға қою мемлекеттің негізгі стратегиялық мәселесі болып саналды. Қытай қазіргі уақытта әлемдегі 40-тан аса мемлекетке азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бағдарламалар ашып, инвестициялар салуда. Мұның ішінде Қазақстан да бар. Қазақстан агроөнеркәсіпте жақсы көрсеткіштерге ие. Мысалы, әлемде астық өндіру бойынша үздік он бестің қатарына кіреді. Сондықтан Қытай Қазақстанның агро саласына да инвестиция салып, әріптестікті байланыстыруды қажет етеді", - деді Асхат Қасенғали.

Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстардың шегі мұнымен аяқталмайды екен. Саясаттанушы бұл бағытта тағы бірнеше факторды атады.

"Үшінші мәселе - Қытайдың энергетика қауіпсіздігі мәселесі. Яғни Қытай әлемдегі ең көп мұнай, газ, жанармай тұтынушы нарық ретінде Қазақстаннан да мұнай мен газды сатып алуға және энергетика саласына көбірек инвестиция салуға мүдделі елдердің бірі болып саналады. Сондықтан Қазақстанмен осы саладағы байланысты да арттыра түсуге ниетті мемлекеттің бірі десек те болады. Әрине, бұлар - негізгі басымдықтар. Одан бөлек мәдени бағдарламалар да жеткілікті. Жыл өткен сайын олардың саны артуда. Екі мемлекеттің арасынадағы туристік байланыстарды арттыру мәселесі бар. Бұл да ақырындап түрлі бағдарламалар негізінде дамып жатыр. Осының барлығы - екі мемлекеттің арасындағы жаңа байланыстарды арттыра түсетін көрсеткіш. Болашақта Қазақстан да өзінің жасыл энергетикасын дамыту деген бағытты ұстануда. Бұл тек Қазақстанның ұстанымы емес, жалпы әлемдік саясаттағы негізгі ұстанымның бірі болып саналады. Сондықтан осы бір бағытын дамытқысы келсе, Қазақстан Қытаймен әріптестікті арттырады деп айтуға болады. Себебі Қытай әлемде күн энергиясы, жел энергиясы бойынша негізгі көшбасшы ел саналады. Оның тәжірибесі болашақта Қазақстанның жасыл энергетикаға өтуіне өзінің септігін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан екі елдің арасындағы осындай байланыстар жанданып келе жатыр, қарқын алуда және мемлекетаралық келісімдер, кездесулердің одан сайын серпін алып, дами түсуіне ықпалдастық жасайды", - деп түйіндеді сөзін сарапшы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар