Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жетекші медициналық жоғары оқу орындарын біріктіретін желілік университет құру бастамасын көтерді. Ұсыныс Бішкекте өткен ұйымға мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлерінің алтыншы кездесуінде айтылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа жоба дәрігерлерді бірлесіп даярлауға, мамандар алмасуға және медицина ғылымын дамытуға бағытталған. Оның аясында қоғамдық денсаулық сақтау, эпидемиология және биоинформатика салалары бойынша ортақ білім беру бағдарламаларын әзірлеу жоспарланып отыр.
«Қазақстан Түркі мемлекеттерінің желілік университетін құруды ұсынды. Ол ұйымға мүше елдердің жетекші медициналық жоғары оқу орындарын біріктіреді», – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Бастаманы үйлестіру үшін ТМҰ хатшылығы жанынан Медициналық білім беру жөніндегі үйлестіру кеңесін құру ұсынылды.
Сонымен қатар Қазақстан жас ғалымдар, докторанттар мен резидент дәрігерлерге арналған гранттық бағдарлама әзірлеуді және сұранысқа ие мамандықтар бойынша бірлескен тағылымдамаларды жолға қоюды ұсынды. Басым бағыттардың қатарына балалар кардиохирургиясы, трансплантология, нейрохирургия және онкогематология енгізілген.
Қазақстанның ұлттық ғылыми орталықтары мен университет клиникалары түркі елдерінен келетін мамандарға тәжірибелік дайындық алаңы болуға әзір. Сондай-ақ ауылдық және шекара маңындағы елді мекендерде еңбек ететін дәрігерлер үшін бірлескен оқу бағдарламаларын, көшпелі мектептер мен қысқамерзімді тағылымдамалар ұйымдастыру көзделіп отыр.
Бұған дейін Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанда Қазақстан медицинасы күндері өткен. Оның аясында дәрігерлер бірлескен операциялар жасап, науқастарға кеңес беріп, заманауи медициналық технологияларды қолдану тәжірибесімен бөліскен.
Қазақстан мұндай бағдарламаларды тұрақты өткізіп, бірлескен медициналық миссияларды Түркі мемлекеттері ұйымына мүше өзге елдерде де ұйымдастыруды ұсынды.