2026 жылғы 3 қазанда Көкжайлауда Алматы жастары мен студенттерінің қатысуымен ағаш отырғызу экологиялық акциясы өтті. Бастамаға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, «Kazakh Tourism Development Ltd.» компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев, сондай-ақ салалық ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты. Акция аясында шамамен 2 мың түп Шренк шыршасы отырғызылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Экологиялық акция Almaty SuperSki жобасына қатысты Алматы жастарымен өткен ашық диалогтің жалғасы болды. Бұған дейін қала жастары жобаны, оның таулы аумақтардың дамуына ықпалын және Көкжайлаудың болашағын талқылау жөнінде бастама көтерген еді. Бірқатар кездесуде студенттер мен жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жоба өкілдерімен талқылады.

Жастардың экологиялық акцияға қатысуы осы диалогтің іс жүзіндегі жалғасына айналды. Алматылық жастар ағаш отырғызуға атсалысып, табиғи аумақты сақтауға өз үлестерін қосты. Акция экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, тауға жанашырлықпен қарауға және жас ұрпақты табиғатты қорғауға бағытталған нақты бастамаларға тартуға арналды.

Іс-шараның негізгі сәттерінің бірі басшылық пен шақырылған қонақтардың алғашқы ағашты бірге отырғызуы болды. Бұдан кейін қатысушылар белгіленген аумақтарға бөлініп, жаппай ағаш отырғызуға кірісті.

«Бүгін болашақ Көкжайлау курортының аумағында ағаш отырғызу жөніндегі экологиялық акция өтіп жатыр. Бұл Алматы мен тұтас өңірдегі туризмнің дамуына жаңа серпін беріп, қала тұрғындары мен қонақтарына қосымша мүмкіндіктер ұсынуға бағытталған маңызды жоба.

Сонымен қатар туристік инфрақұрылымды дамыту кезінде табиғатты сақтауға ерекше көңіл бөлінуі керек. Біз табиғи ресурстарды жауапкершілікпен пайдалану қағидатын басшылыққа аламыз. Бір ағаш алынған жағдайда оның орнына он түп ағаш отырғызу қамтамасыз етіледі. Туристік кластер жүзеге асырылатын аумақта Қызыл кітапқа енген бірде-бір ағаш көшірілмейді немесе кесілмейді.

Барлық экологиялық талап сақталған жағдайда, жобаны жүзеге асыру туризм мен экономиканы дамытуды табиғи мұраны қорғаумен ұштастыруға мүмкіндік береді деп сенемін. Бұл — болашақ ұрпаққа аманат етуге тиіс байлығымыз», — деді Әлібек Қуантыров.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жас тұрғындардың экологиялық бастамаларға қатысуының маңызын атап өтті.
«Тау — Алматының және оның болмысының ажырамас бөлігі. Жастардың қаланың және оның табиғи аумақтарының болашағына қатысты мәселелерден шет қалмауы біз үшін маңызды. Мұндай бастамалар экология туралы сөз қозғап қана қоймай, табиғатты сақтау жөніндегі нақты жұмыстарға тікелей қатысуға мүмкіндік береді», — деді әкім.

Ержан Еркінбаев экологиялық шаралар Almaty SuperSki жобасын жүзеге асырудың келесі кезеңдерінен бұрын өткізілуі керектігін айтты.
«Алматы жастарының қаланың, тауларымыздың және Көкжайлаудың болашағына қызығушылық танытуы біз үшін маңызды. Біз бірқатар ашық кездесу өткізіп, жастардың пікірін тыңдап, сұрақтарына жауап бердік. Біздің ұстанымымыз қарапайым: кез келген даму табиғатқа құрметпен қараудан басталуы керек. Сондықтан Almaty SuperSki жобасының келесі кезеңдеріне кіріспей тұрып, нақты экологиялық шараларды қолға алып жатырмыз. Жаңа ағаштар отырғызу — сондай қадамдардың бірі. Көкжайлау Алматының өкпесіне айналады», — деді ол.
Іс-шараға студенттер мен қала жастары, соның ішінде тиісті мамандықтар бойынша білім алып жүрген жастар қатысты. Акцияға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биология және биотехнология факультетінің ботаника және агроэкология кафедрасының, сондай-ақ басқа да салалық ғылыми ұйымдардың өкілдері қосылды.