Әлемдік білім көзі, өркениет тілі дегеннің өзінде жаппай мектеп пен түрлі салаларға міндеттеуден бұрын салдарын терең пайымдар сана, аса үлкен білік керек. Ал «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тілі», «Қазақстан тарихы», «География» қатарлы гуманитарлық бағыттағы пәндердің оқу мазмұнының дұрыс жүйеленбеуінде да осындай олқылықтар бар.
Егемен ел ретінде ұлттық болмысты, тарихты, ділді, саяси сауатты көзқарасты қалыптастыратын бұл қатарлы пәндердің туы көтеріліп, ұлттық мүдде тұрғысында дұрыс оқытылуы алдымен, Егемен ел болашағының кепілі болса керек-ті. Мәселен, Қазақстандағы өзге тілді мектептерінде Қазақ әдебиеті деген пән жоқ деуге болады. Өзге шеттілдері сияқты шектеулі сағатпен оқытылатын «Қазақ тілі» пәнінің шылауында «оқу материалы» болып қана қалған. Сондықтан бітіруші түлектер өздері ас-суын ішіп, топырағын басып жүрген елдің зиялыларын танымай жатса, Алаш арыстарының еңбектерін естімеген болса таң қалмаңыз. Қазақстандағы өзге ұлт өкілдер мемлекеттік мүддеден мүлт кетіп, потриотизмді басқаша түсініп жатса ол өз олқылығымдан деп мойындамасқа шара жоқ. Мемлекеттік тілдің әлі тұғырға қона алмай отырғанын түсінсек, қазір қай салада болсын ұлттық мұдде тұрғысынан тұралап тұрғанын түсіне беріңіз.
Соның тағы бір дәлелі Абай атындағы Республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін тереңдете оқытатын мектеп туралы әлеуметтік желіде көтеріліп жатқан дүркін-дүркін шу. Егемендік алған алғашқы жылдарда осы мектептің ғимараты тұрған жерге нарықтық заманның бір жуан мойын дөкейі қол салып, мектептің 10 гектар жерін 2006 жылы Алматы қаласы әкімдігі шығарған қаулының күшімен тартып алған. БАҚ құралдары араласып жатып мектептің басын сақтап, әйтсе де тұрған орнынан еріксіз жылжытылған еді. Ендігі шу сыртына емес, мектептің негізгі бағытына ішкі өзегіне түскен сыңайлы. Жазылып жатқан наразылықтарды оқығанда осындай ой келеді.
Қазақ әдебиеті мен тілін тереңдете оқыту пәндік мазмұнды қалаптастырып қана қоймай, ұлттық сананы оятып, ұлттық құндылықты дәріптеуге, этномәдени, рухани болмысты, ділді қалыптастыруға мүмкіндік жасайтынын түсінсек, Абай атындағы Республикалық дарынды балалар оқытын бұл мектептің ұлт болашағына, мемлекеттік мүддегі қосар үлесін айтпай түсінуге болады. Қазіргідей жаһандық өркениетке бет бұрған заманда ұлтсыздану үдерісінің қарқынды қозғалысында (қазіргі діни секталардың етек жаюы да ұлтық бірегейлікке жасалып жатқан шабуыл екенін ескерсек) бұл мектеп шөлдегі оазистің рөлін атқарады. Ендеше Абай мектептері Республикамыздың әр облысында болуы аса маңызды. Қытай елінің идеялогиялық негізі ретінде Конфуций ілімі өздерінде ғана емес әлемнің барлық елдерінде таратылып отырғаны мәлім. Қазақстанның да әр деңгейлі мектеп-мекемелерінде бары жасырын емес. Ал ұлттық бірегейлік пен рухани кемелдіктің жолын сілтеп отырған Абайдай тұлғаны «ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде» әр деңгейдегі мектептерде оқып-тани алмауымыз мемлекеттігімізге сын.
Бұл бастама алдымен президентіміз Қ.Тоқаевтың аузынан естілді. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында пезидентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі» деп жазды. Мұның өзі Абай мұрасының маңыздылығы мен жалпы «Қазақ әдебиеті» пәнінің мән-маңызын түсіну деп белемін.
Абайтанушылармен кездескен жиында Қ.Тоқаевтың «... Біз ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің қадір-қа¬сие¬тін балаларға мектеп жасынан бастап сіңіруіміз керек. Бұл бағытта бірыңғай ұстаным қажет. Осыған орай Алматыдағы Абай атындағы мектеп-интер¬нат¬тың мүмкіндіктерін толық пай-даланған жөн. Қазақ тілі мен әде¬биетін тереңдете оқытатын бұл мектептің оқу үдерісі басқа мектептерге үлгі болады деп ойлаймын. Оны заманауи талапқа сай жан-жақты жетілдіріп, «Абай мектебі» деп аталатын ең үз¬дік білім ордасына айналдыру қа¬жет»,- дегенін сөйте тұра Абай желілік тектептердің жұмысы әлі кешеуілдеп «Қазіқ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Абайтану» пәндерінің бағдарламасы жазылғанымен оқулықтары әлі де қолға алынбай, ереңсіз қалып отырғанын Б.Қапалбек мырза «Абай мектебі желісін дамытуға не кедергі?» деген мақаласында атап жазған болатын.
Аталған мектеппен оқу-әдістемелік байланысым алғаш Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектептерге арналып оқу бағдараламасын даярлау жұмыстарынан басталды. 2019 жылы мектеп директоры Роза Сексенова әр университеттің профессор-оқытушыларын, сала мамандарын, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мамандарын шақырып жиын өткізді. Негізгі мақсат - тереңдете оқытатын мектептерге бағдарлама, оқулық жазу жұмыстарын қолға алу. Жоспарланған «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Абайтану» пәндерінің бағдарламасы бір жылдан аса уақыт мөлшерінде дайындалды, кейін Ы.Алтынсарин академиясы мамандарының сүзгісінде және сол кездегі ҚР Білім және ғылым Вице-министрі Ш.Т.Каринованың қадағалауында бекітілді. Абай шығармаларын қазақ мектептерінде оқыту мәселесі бойынша кандидаттық диссертация қорғап, кемеңгер тұлғаны таныту бағытында ізденіп жүрген маман ретінде атқарылған жұмысты көңілге зор қанағат тұттық.
Содан бері осы мектептің «Қазақ әдебиеті» мен «Абайтану» пәнін оқытатын мұғалімдерімен шығармашылық байланыс орнаттым. Ондағы мақсат-бағдарламаның игерілу барысын қадағалау, мониторнг жүргізу, обробациядан өткізу.
Мектептің ішкі саясатын, кухнясын, ондағы дау-дамайды біле бермейтінім анық. Мектепте директоры не себепті ауысқанын да хабарсызбын. Әйтсе де Роза Сексенова Абай желілік мектептерінің жұмысын тәуір бастаған болатын. Республикалық желілік мектептердің мұғалімдеріне онлайн-офлайн дәрістертер, конференция ұйымдастырылып, семинарлар қойылып жүрді. Бағдарлама даярлаушы топтың белсенді мүшесі ретінде біраз іс-шараға шақырылып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге атсалыстым. Атап айтар болсам:
«Абай шығармаларын оқытудың өзекті мәселелері» //«Абай мұрасы – рухани жаңғырудың қайнар көзі» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда мақала(13. 05. 2020).
Абай шығармаларын оқытудың өткені мен бүгіні //«Білім берудегі 4К моделі: Теория мен әдістеме» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда мақала (2021).
«Желілік «Абай мектептерінде» «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Абайтану» пәндерін оқыту ерекшеліктері» атты Абай мектептері желісінің ұстаздарына арналған республикалық онлайн-курста дәріс оқыдым (2021).
«Оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастырудың тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбындағы желілік «Абай мектептеріне» арналған республикалық вебинарда дәріс оқыдым, (2021);
«Абай мектептеріндегі Қазақ тілі мен Қазақ әдебиеті, Абайтану: кедергілер мен мүмкіндіктер» тақырыбында Абай мектептері желісімен өткен республикалық дөңгелек үстелде (2020) баяндама жасап, ұстаздармен талқылау жұмыстарын жүргізілген болатынмын.
Абай мектебі жанынан шығатын Республикалық «Абай үні» журналында Абайтану пәнін оқытудың тиімді әдістері мен практикалық жолдары жөнінен үздіксіз мақалалар жариялап отырыппын.
Абай мұрасын республика көлемінде оқу-тану жұмыстарынан хабар беретін шараның бірі болғандықтан дәстүрлі түрде жүргізілетін «Абай оқулары» олимпиада, сайыстарына да қазылық жасап жүрдім. Бар мақсат ұлттық өркениетке атсалысу, «Қазақ әдебиеті», «Абайтану» пәнін оқытылуын дұрыс жолға қою.
Қазіргі басшылық келгелі желілік мектептердің бұл жұмыстары кілт тоқтады. Себебі осы бағытта жиын өткенінен хабарсызбын. Өтпеген де болу керек. Мені қынжылтатыны мектептің қазіргі оқу-ісі жөңінен директордың орынбасары Гүлжазира Бекболатқызының Абай желілік мектептерге жазылған бағдарламына жоққа шығаратыны. «Бұл Абай мерейтойы қарсаңында ғайыптан кіргізіліп қалған бағдарлама, әйтпесе оның құжаттық күші жоқ» дегенді айтты бір жолы. Олай болса күні кеше Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаев Абай мерейтойы қарсаңында сөйлеген сөзінде: «Абай мектептері үшін «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және «Абайтану» пәндері бойынша тереңдетілген оқу бағдарламасы бекітілді. Алматыдағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты осы мектептердің орталық базасы болып белгіленіп, оқу-әдістемелік кешен даярлау, тәжірибе тарату жұмыстарын жүзеге асыруда» деген сөздерді неге айтып, жариялап отыр деген заңды сұрақ туындайды. Әлде директордың орынбасары айтқандай министрдің бұл сөзі де Абай мерейтойы қарсаңында «ғайыптан» айтылып қалған бос әңгіме ме?! Жоқ әлде Оқу-ағарту министрі Абай желілік мектептерінің бүгінгі жұмыс барысынан бейхабар ма? Неге министрлік тарапынан бекітілген Абай желілік мектептерінің бағдарламасы өзге желілік мектептерге енгізілмей отыр? Неге оқулық жазу ісі қолға алынбай, бұл мектеп жетім қыздың күйін кешіп отыр деген заңды сұрақ туындайды.
Оқу-ағарту министрлігі бағдарламалардың әлі де желілік мектептерге түгел енгізілмегенін, Абай атындағы мектепте қолданысқа түскенімен екі жылдан бері бағдарламаға басшылық тарапынан дұрыс мониторин жүргізілмей, ескерусіз қалып отырғанын, әлі оқулық жазу ісі қолға алынбай жатқаны білсе керек еді ғой. Жоқ әлде қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектептердің жайы министрді аса алаңдатпай ма?! Қазіргідей жалпы білім беретін мектептердегі бағдарламаларға жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатқанда, бұл бағдарламаның да озық тұсы мен жетілдіру қажетті жерлері сарапқа түссе керек еді.
Неліктен бізде жақсы ниетпен басталған келелі істер аяқсыз қалып жатады?! Жаңартылған мазмұнды мектептерге арналған бағдарламаларға басталған жетілдіру жұмыстары да белгісіз себептермен тоқтап тұр. Абай желілік мектептеріне жасалған бағдарлама да орта жолда қалғалы отыр. Бағдарлама бекітілгеннен кейін, бұның нәтижесі қалай болып жатыр деген бір ұйым жоқ. Оқулықсыз отырғандарына үшінші жылға аяқ басты. Оқушыларға «эксперимент» жасай берудің де шегі болуы керек қой. Әр басшы ауысқан сайын жазықсыз оқушылар, ұстаздар неге жапа жеге беруі керек?!
Мектеп тағдырына алаңдаушылық бүгін ғана айтылып, жазылып жатқан жоқ. «...желісін тарқатпақ тұрмақ, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын Абай атындағы жалғыз қазақ мектебінен айырылып қалу қауіпі тұр. Білім ордасы шын мәнінде гуманитарлық білім беретін республикадағы білім жүйесіндегі бәсекеге қабілетті ұжымға айналуы керек қой. Ғылымның өзі жаратылыстану және қоғамдық-гуманитарлық бағыт деп екіге бөлінеді. Бізде қазақ руханиятын түгендейтін, жүйелейтін, соған ие болатын гуманитарық бағытта мектептер жоқтың қасы. Бердібек ағаның пәрменімен іргетасын тіктей бастап еді, бұл жалғыздың да аяғы құрдым болайын деп тұр» деген Б.Қапалбек мырзаның мақаласы «Қазақ үнінді» де жарияланды.
Мектептің қазіргі оқу-ісі жөніндегі орынбасарының әдістемелік кеңес тарапынан тереңдетілген бағдарламалар бойынша жүргізілген жұмыс нәтижесін жоққа шығаратыны наразылық танытушылар тарапынан айтылғанын желіден оқуға болады. Сонда мектеп басшылығы мемелекеттік бағдарламаны менсінбей ме, әлде Оқу-ағарту министрлігіне бағынбай ма?!
Оқу-ісі жөніндегі директор орынбасары бір сөзінде «Қазақ тілі», Қазақ әдебиеті» пәндерінде сағат көптігін, оған өзінің наразылығын жеткізді. Матетитика-физика пәндерін тереңдете оқытатын мектептерде де сағат сандарында осындай басымдық болмай ма? Тіпті сыныптық сағаттардан бөлек те репититор алып дайындалып жатады емес пе? Себебі сол арқылы оқушы сала бойынша ғылыми таным, құзіретке жақындай түседі.
Мектептің жаңадан тағайындалған директоры Ержан Нұрланұлымен бір сұхбаттасқанымда мектептің жаңа бағыты жөніндегі жоба-жоспарын көрсетті. Мектептің мазмұны өзгеретіндігі айқын танылды. Ағалшын тілі, жаратылыстану пәндер бағыты, басқа да салаларды қамтып, бірнеше саланы қатар алып жүрмек екен. Сонда бір бағыт бойынша қалыптасқан жүйелі жұмысты алып жүрмегенде өзге салаларды қалай жетілдірмек деген ой келеді. Директордың сөзінен жалпы бұл мектептің миссиясын терең бағамдамау немесе қабылдамау байқалған-ды. Физика-математика бағытындағы мектептердің жетістіктерін алдыға тартқан әңгімесінен соң, мектеп түлектерінің жетістіктерін тек шетелдік олимпиадамен, жобалармен ғана өлшеу біржақтылық екенін, негізінен бұл мектептің түлегі жетер биік көрсеткіш лингвистика мен әдебиеттану бағытында, шешендік өнер мен журналистика, қаламгерлік, баспасөз істерінде айқындалатынын айтқан едік. Бұның бәрі еліміздің келешек идеялогиялық қаруы екенін де түсінуі керек қой. Ал шетелдік олимпиадалар ұлттық негізді пәндерде бола бермейтіні баршаға мәлім. Бірақ ол аталған пәндердің қажеттілігі мен құзыретіне сынадай да шек келтіруге негіз емес.
Презитентіміздің бастамасын жүзеге асыру бағытында Ғани Бейсембавтың «Ұлттық мектеп» құру жөніндегі пікірлері айтылып жүр. Егер «Ұлттық мектеп» құру керек болса оның тұжырымдамалық негізіне Назарбаев зияткерлік мектептерінің, емес, Абай желілік мектептерінің тәжірибесі алынса керек. Себебі нағыз ұлттық мүддеге жанашыр ұрпақ осы мектептерден түлеп ұшқанын, белгілі қоғам қайраткерлері, танымал журналист, қаламгерлер, кәсіпкерлердің - маңдай алды азаматтардың осы мектептен қалыптасып шыққанын түсінуіміз керек.
Кемеңгердің «Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей» дегеніндей әлеуметтік желіде жарияланған мектеп басшылығына наразы жұрттың шуының астарында осындай мән жатқанын бағамдауға болады. Жалпы мектептердің басшылығына жазылып, айтылып жататын әңгіменің басы-аяғы бұл емес, жұрттың да құлағы бұндай шуға үйренген. Айтарымыз бұл жеке бастың наразылы дегеннен көрі, жалпы мектеп мазмұнының өзгеруіне деген жұрттың жан айқайы деп түсіндім. Сондықтан республика көлемінде мәні бар мектептің оқу-ісінің бұлай кері бағыт алып, ұлттық мүдденің қағажу көруіне жол беруге болмайтынын Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаев ескереді деп сенеміз.
Береке Жұмақаева п.ғ.к., профессор.