****
Шамамен 20 жылға жуық өзім тұрып жатқан АҚШ-тың басшысы мен мемлекетім Түркияның президенті бүгін Ақ үйде көріспек. АҚШ пен Түркияның ДАИШ-пен күрес, Сирияның болашағы, босқындар дағдарысын да қосар болсақ, көптеген ортақ мәселелері бар.
Қайтейік, кезінде демократияны жетілдіру, қалыпты зайырлылық түсінігін қалыптастыру жолында үміт сыйлаған Түркия бар күшті уысында ұстау әрі қарсыластарды тұқырту үшін қолынан келгеннен аянбайтын президенттің басқаруында адам танымаcтай күйге түсті.
Батыс Түркияның демократиялық құндылықтарға қайта оралуына көмек беруі тиіс. Бүгінгі жүздесу мен алдағы аптада болатын НАТО саммитін осы мақсатта тиімді пайдалана білу керек. Ердоған өткен жылы 15-шілдедегі төңкеріс жасау әрекетінің ізін ала жазықсыз жандарға жүйелі озбырлық науқанын бастады. Күрдтер, алауилер, зайырлылар, солшылдар, журналистер, ғалымдар немесе өзіме де қатысы бар, бейбіт жандар қозғалысы болып табылатын «Қызмет» қоғамы мүшелерін де қосқанда 300 мыңнан аса Түркия азаматының өмірі бақылауда ұстау, тұтқындау, жұмыстан қуу және басқа да жолдармен құрыды.
Төңкеріс әрекеті орын алғанда оны ауыр айыптадым, мені соған қатысты деп таққан айыптарын жоққа шығардым. Бұдан бөлек, төңкеріске қатысқандардың идеалдарыма қиянат жасағандарын айттым. Ешбір дәлел болмаса да, Ердоған 5 мың шақырым алыста өмір сүріп жатқан мені төңкерісті жоспарлаған деп кінәлады.
Ертесі күні үкімет бір банкте есеп ашқаны, бір мектепте мұғалімдік атқарғаны немесе бір газетке жаңалық жариялағаны секілді себептермен «Қызметпен» қатысты мыңдаған адамның тізімін жасады. Бұндай байланысты қылмыс секілді қарастырып, әрбірінің тағдырын талқандай бастады. Тізімде бірнеше ай бұрын қайтыс болғандар мен сол кезде НАТО-ның Еуропадағы штабында қызмет атқарып жатқан адамдар болды. Халықаралық бақылаушылар көптеген алып қашу, бақылауда ұстап, қорлық көрсету және азаматтардың ажал құшу жағдайлары кездескенін баяндайды. Ердоған үкіметі басқа елдерде де жазықсыз адамдарды бақылауға алды. Мәселен, Малайзияда «Қызметке» оң көзқарастағы 3 адамды депортациялау үшін қысым жасады. Араларында 15 жылдан бері сол жерде қызмет атқарған бір мектеп директоры да бар. Шынтуайтында, ол кісілер Түркияға қайтарылса, оны түрмеге қамап немесе зорлық-зомбылыққа ұшырататынын айту үшін ешқандай көріпкелдік қажет емес.
Сәуір айында президент «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің орын алғаны қоғамда ашық сөз болған референдумда аз ғана айырмашылықпен басым түсіп, биліктің үш тармағын да өзі бақылайтын басқару жүйесін құрды. Негізі, қызметінен кетіру әрі жемқорлық әрекетімен бұл күштерге онсыз да ие еді. Авторитарлы биліктің осы бір жаңа сатысында түрік халқының болашағына айтарлықтай алаңдаулымын.
О баста бұлай бастамаған болатын. Әділет және даму партиясы 2002 жылы Еуропалық Одаққа мүшелікті мақсат еткен демократиялық реформаларды жүргізуге уәде бере отырып билікке келді. Бірақ уақыт өткен сайын Ердоған өзіне қарсы пікірлерге төзімсіздік таныта бастады. Көптеген БАҚ ұйымдарын мемлекеттің бақылаушы органдары арқылы өзін жақтаушылар қатарына шығарды. 2013 жылдың жазында Гези паркі операцияларын күшпен басты. Министрлердің есімдері желтоқсан айында ірі көлемдегі парақорлыққа қатысты аталғанда, сот жүйесі мен БАҚ-ты тұқырта отырып жауап қатты. Өткен жылы 15 шілдеден кейін жарияланған «өткінші» төтенше жағдай елде әлі де жалғасуда. Халықаралық амнистиялық ұйым әлемде түрмеге түскен барлық журналистердің үштен бірінің Түркия түрмелерінде екенін баяндады.
Ердоғанның өз халқына тізе батыруы тек мемлекеттің ішкі мәселесінің ауқымынан шығып кетті. Азаматтық қоғам, журналист, ғалымдар мен күрд азаматтарына бағытталған озбырлық еліміздің ұзақ мерзімді тұрақтылығына қатер төндіретін жағдайға жетті. Қоғамда қазіргі уақытта Әділет және даму партиясы режимі төңірегінде терең поляризация орын алуда. Түркияның зорлықшыл радикалдарға құшақ жайып, ал күрд азаматтарын үмітсіздікке итермелейтін диктаторлық режимге келуі Орта Шығыс қауіпсіздігі үшін елеске айналмақ.
Түркия халқының демократиясын аяққа тұрғызу үшін Еуропа одағы мен АҚШ-тың көмегіне зәру. Түркия 1950 жылы НАТО-ға кіру үшін шын мәнінде көп партиялы сайлауды бастады. НАТО-ға мүшеліктің талабы ретінде Түркиядан одақтас демократиялық нормаларға адал болуын талап етуге болады әрі ету де керек.
Бұрынғы пікірлестер Ердоған мен ГүленТүркияның демократия жолында кері кетіп бара жатқанын тоқтату үшін екі маңызды бастаманы жүргізуі керек. Біріншісі, қоғамдағы барша азаматтарды қатыстыра отырып, халықаралық заңдық әрі адами нормаларды бақылайтындай, батыстың табысты, ұзақ мерзімді демократиясынан сабақ алу, демократиялық үрдісте жаңа бір азаматтық конституцияны жетілдіру.
Екіншісі, демократиялық әрі плюралистік құндылықтарды талқыға салатын, сыни ойлауды қолдайтын оқу бағдарламасын жетілдіру. Әр оқушы мемлекет күшінің жеке адам құқықтармен тепе-теңдік сақтайтынын, мемлекеттік құрылымдық күштердің тәуелсіз болатындығын, ешкімге бағынбайтын тәуелсіз сот, тәуелсіз БАҚ-тың маңыздылығын, сонымен қатар әсіре ұлтшылдық пен дінді саясиландырудың мемлекетке қауіп төндіретінін білуі тиіс. Бірақ бұдан бұрын түрік үкіметі өз халқына тізе батырып, құқын аяққа таптауды доғаруы әрі құқығы аяққа тапталған адамдардың өмірін қайта реттеуі керек.
Сірә, Түркияның әлем жұртшылығы тамсана қарайтын озық демократияға қол жеткізгенін көруге өмірім жете қоймас, дегенмен тілегім: Түркия қазіргі авторитарлық жүйені көксеген жағдайдан тым кеш болмай тұрып арылса екен.
Тәржімалаған Мақсат Бектай