Талғарда болған кісі өлтіру және бала ұрлау фактісі бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы адвокаттар Асылбек Абдраимов пен Жандос Палманов Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Барлық дәлелдер мен сараптамалар қаралды. Нәтижелерімен таныстық. Қазір іс материалдарымен танысу сатысы жүріп жатыр, яғни сотқа дайындық кезеңі басталды», – деді Абдраимов.
Істің басты фигурантына Қылмыстық кодекстің 12 бабы бойынша айып тағылған:
– 99-бап – Адам өлтіру;
– 125-бап – Адам ұрлау;
– 120-бап – Зорлау;
– 121-бап – Жыныстық сипаттағы күш қолдану әрекеттері;
– 190-бап – Алаяқтық;
– 147-бап – Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу;
– 149-бап – Тұрғын үйге заңсыз кіру;
– 115-бап – Қорқыту;
– 287-бап – Қару-жарақты заңсыз сақтау, тасымалдау немесе алып жүру;
– 288-бап – Қару-жарақты заңсыз дайындау;
– 200-бап – Көлікті ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену;
– 132-бап – Кәмелетке толмағанды қылмыс жасауға тарту.
Сонымен қатар бұл іс бойынша тағы екі кәмелетке толмаған күдіктіге адам өлтіру және адам ұрлау баптары бойынша айып тағылған.
Еске салайық, 6 қыркүйек күні Алматы облысы Талғар қаласында ер адам бұрынғы азаматтық жұбайының бауырын атып өлтіріп, оның екі жасар қызын ұрлап кеткен болатын. Кейін полиция күдіктіні ұстап, баланы анасымен қауыштырды. Ал облыстық прокуратура полицейлердің әрекетсіздігі фактісі бойынша жеке іс қозғады.