Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты өтірік ақпарат таратты деп айыптағаннан кейін журналист Кирилл Павлов қамауға алынуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Мені Қылмыстық кодекстің 456-2-бабының 4-бөлігі (жалған ақпаратты орналастыру және тарату) бабы бойынша айыптап жатыр. Бұл қамауға алуды көздейді. Сотты бірден, сол жерде өткізбекші. Неліктен менің материалым лицензиясы бар БАҚ-та жарияланғанына қарамастан, онлайн-платформа қолданушыларына арналған 4-бөлік бойынша қаралып жатқанын түсіндірмейді. Ал ақпараттың “жалғандығы” неде? Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми бұйрығын келтіргенім бе? Оны да айтпай отыр", – деп жазды Павлов.
Бұл жағдайға байланысты KazTAG редакциясы Астана қалалық полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметіне хабарласты.
Сонымен қатар Қазақстан журналистер одағының астаналық филиалының төрағасы Әмір Қасенов те Павловқа қатысты іс бойынша ПД мен Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне ресми сауал жолдаған.
Қасеновтің пікірінше, Павловқа қарсы қозғалған іс Қазақстанда қос стандартты саясаттың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
"Павлов ауыл шаруашылығы саласындағы келеңсіз мәселелер туралы жиі жазады, сол үшін оны қудалап отыр. Бірақ неге біз ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың өзіне қатысты іс қозғалғаны туралы естімейміз? Ол елдің сүт өнімдерімен толық қамтамасыз етілгенін айтты.
Сондай-ақ Екібастұз ЖЭО-дағы апатқа дейін "қысқа толық дайынбыз" деген шенеуніктерге, не болмаса үлкен су тасқыны алдында "Қазақстан су тасқынына дайын" деп мәлімдегендерге қатысты жалған ақпарат үшін іс қозғалғанын да көрмедік.
Тіпті, пандемия кезінде блок-бекеттегі адам өліміне қатысты “полиция қызметкері емес, бөтен адам кінәлі, ал полицейдің формасын кез келген әскери дүкеннен сатып алуға болады” дегендерді де ешкім жауапқа тартқан жоқ.
Бұл билік өкілдерінің ашық өтіріктерінің шексіз тізбегі, ал сол өтіріктің артында көбіне адам тағдыры мен елге келтірілген орасан залал тұрады", – деді Әмір Қасенов.