“Бейжай қарай алмаймын”. Мәжіліс депутаты әскердегі сарбаздардың қазасына назар аударды

Қаракөз Амантай 13 қаз. 2025 13:35

Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева Қазақстан әскеріндегі өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларына қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздың анасымын. Сондықтан әскердегі қатыгездік, сарбаздардың қаза табуы мен өз-өзіне қол жұмсау жағдайларына бейжай қарай алмаймын. Мұндай оқиғаларды жеке дерек ретінде қарастыруға болмайды. Олар жылдар бойы шешілмей келе жатқан жүйелі мәселелердің бар екенін көрсетеді", — деді Дементьева дүйсенбі күні өткен Мәжілістің Ішкі істер министрлігіндегі көшпелі отырысында.

Оның пікірінше, мұндай жағдайлар қоғамның қарулы күштерге ғана емес, жалпы мемлекеттік институттарға деген сенімін төмендетіп отыр.

"Сарбаздардың бейбіт уақытта қаза табуын түбегейлі жою үшін нақты қандай шаралар қабылданады? Әскер басшыларын дайындау жүйесінде мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін қандай тәсілдер қолданылады? Қазақстан аналары өз ұлдарын бейбіт уақытта әскерге жіберуге қашан сенімді бола алады?" — деп сұрады депутат.

Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев әскердегі қиындықтар қоғамдағы мәселелермен байланысты екенін айтты.

"Қорғаныс министрлігі де қоғам мен отбасылардағы проблемалармен бетпе-бет келіп отыр: қиын өмірлік жағдайлар, қараусыз қалған балалар, есірткінің таралуы. Әскерге келетін мыңдаған жас жігіттердің арасында да психологиялық тұрғыда бейімделуде қиындық көретіндер бар", — деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі қосымша шаралар қабылдап жатыр. Арнайы әдістемелік құжаттар әзірленіп, профилактика субъектілерімен келісімдер жасалған, ал әскери психологтар біліктілігін арттыру курстарынан өтуде.

"Бүгінде әскери психикалық денсаулық орталықтарымен қатар, ел бойынша жергілікті орталықтардың да көмегі қолданылады", — деді Жазықбаев.

Сонымен қатар ол әскерилерге көмек көрсету үшін заманауи технологиялар енгізіліп жатқанын айтты.

"Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін анонимді Telegram-боттар іске қосылды. Олар сарбаздар мен олардың отбасыларына күйзеліс пен қиын өмірлік жағдайлармен күресуге көмектеседі. Сондай-ақ әскерге шақыру кезінде психологиялық диагностика жүргізіледі. Болашақта жоғары оқу орындарында қолданылатын психодиагностикалық әдістерді енгізу қарастырылып жатыр. Ал психология мамандығында оқитын студенттер әскери бөлімдерде тәжірибеден өтеді", — деді ол.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева бұл мәселені тек психологтардың көмегімен шешу мүмкін еместігін айтты.

"Егер бұл мәселе тек психологтар арқылы шешілетін болса, оны әлдеқашан шешіп болар едік. Мұнда, әрине, нақты жұмыс әскери бөлімдердің өз ішінде жүруі керек", — деді Еспаева.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар