Семейде алғаш рет қала әкімін сайлау өтті

Ақтоты Жапатова 13 қаз. 2025 13:45

2025 жылғы 12 қазанда Семей қаласында Қазақстан тарихында алғаш рет қала әкімінің тікелей сайлауы өтті. Таңғы 07:00-де барлық сайлау учаскелері өз есіктерін ашып, сайлаушыларды қабылдады, деп хабарлайды Dalanews.kz 

Қала бойынша барлығы 129 сайлау комиссиясы ұйымдастырылды, оның ішінде 1 аумақтық және 128 учаскелік комиссия жұмыс істеді.

Дауыс беру процесі тыныш әрі ұйымдасқан түрде, ешқандай заңбұзушылықтар мен төтенше жағдайларсыз өтті.

Барлық сайлаушылар үшін ыңғайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды. Мүгедектігі бар азаматтар үшін пандустар, тактильді бағыттаушылар, сондай-ақ еріктілердің көмегі ұйымдастырылды. Жастардың белсенділігі де ерекше байқалды. Олардың көпшілігі алғаш рет дауыс беріп, өз қаласының болашағын айқындауға қатысудың маңызын атап өтті.

Сайлау барысын саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен тәуелсіз бақылаушылар қадағалады. Олардың айтуынша, дауыс беру қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес өтті, ал ашықтық пен жариялылық жоғары деңгейде қамтамасыз етілді. 

Семейліктер өз ұстанымдарын білдіріп, өзгеріс пен дамуға деген ортақ ниетін көрсетті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар