Әлеуметтік желіде Алматы облысы “Іле Су” ШЖҚ МКК басшысы Жандос Жұрынов ұсталды деген ақпарат тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кейбір дереккөздердің мәліметінше, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері кәсіпорын жетекшісін пара алды деген күдікпен ұстаған.
Қазіргі уақытта ресми органдар аталған ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Еске салайық, Dalanews.kz “Іле су” мекемесіндегі мәселеге алғашқылардың бірі болып назар аударған еді. 23 сәуірде редакция әлеуметтік желіде тараған анонимді шағымға қатысты материал жариялады. Онда Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр кентінде орналасқан “Іле су” коммуналдық шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері атынан жалақының уақытылы төленбеуі, еңбекақы мөлшерінің тұрақсыздығы және еңбек құқықтарының сақталмауы жөнінде мәліметтер келтірілген еді.
Осы жарияланымнан кейін “Іле су” мекемесінің директоры Жандос Журынов Dalanews.kz тілшісіне пікір білдіріп, шағымда көрсетілген ақпараттармен келіспейтінін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, прокуратура тарапынан ресми тексеріс басталып, мекеме барлық қажет құжаттарды ұсынған. Сондай-ақ ол жалақының бірнеше айға кешіктірілгені туралы ақпаратты жоққа шығарып, еңбекақы кей жағдайда тек бірнеше күнге ғана кешігуі мүмкін екенін айтқан еді.
Журынов бұған қоса анонимді шағымдардың артында белгілі бір мүдделі тұлғалар тұруы мүмкін екенін алға тартып, нақты қорытындыны ресми тексеріс нәтижесі шыққаннан кейін ғана айтуға болатынын жеткізген.