Әлеуметтік желіде Алматы облысы Іле ауданындағы “Іле су” коммуналдық шаруашылығы мекемесіне қатысты еңбек заңнамасының бұзылуы жөнінде анонимді шағым тарады. Аталған мәселеге байланысты мекеме басшысы Жандос Журынов түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәселенің мән-жайы
Instagram желісіндегі “gres_big_family” парақшасында Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр кентінде орналасқан “Іле су” коммуналдық шаруашылығы мекемесінде қызметкерлердің жалақысы уақытылы төленбейтіні, еңбекақы мөлшерінің тұрақсыз екені және құқықтарының сақталмай отырғаны жөнінде шағым жарияланған.

Аталған мәселеге қатысты “Іле су” мекемесінің директоры Жандос Журынов пікір білдірді. Оның айтуынша, қазіргі таңда прокуратура тарапынан ресми тексеріс басталған.
“Прокуратураға барлық қажет құжаттарды ұсындық. Тексеріс енді басталды, шамамен бір апта болды. Қорытынды шыққан соң толық ақпарат беруге дайынбыз”, – деді ол.
Директор шағымда көрсетілген ақпараттарды жоққа шығарды. Оның сөзінше, жалақының ұзақ мерзімге кешігу фактісі тіркелмеген.
“Жалақы кейде 5–6 күнге кешігуі мүмкін. Бірақ 2–3 айлап кешіктірілді деген ақпарат шындыққа жанаспайды”, – деді Журынов.
Сондай-ақ ол жалақының әртүрлі төленуі бұрынғы басқару кезеңіндегі шешімдермен байланысты екенін айтты.
Аноним шағымдардың артында мүдделі топтар болуы мүмкін
Жандос Журынов аноним түрде тараған ақпараттарға да тоқталды. Оның пікірінше, мұндай шағымдардың артында белгілі бір мүдделі топтар тұруы мүмкін.
“Бұл ақпараттарды жазып отырған адамдар бұрынғы кезеңдегі шешімдерге қатысы бар болуы мүмкін. Өз әрекеттерін жасыру үшін түрлі ақпарат таратып жатыр”, – деді ол.
Қазіргі уақытта тексеріс жалғасып жатыр. Директор аталған мәселе бойынша нақты қорытынды ресми тексеріс аяқталғаннан кейін жарияланатынын жеткізді.
