Freedom Inside '26

«Мені тірідей соттай алмайсыңдар»: КазТАГ бас редакторы аштық жариялады

«Мені тірідей соттай алмайсыңдар»: КазТАГ бас редакторы аштық жариялады
ulysmedia.kz

КазТАГ ақпарат агенттігінің бас редакторы Амир Қасенов өзіне қатысты бұлтартпау шарасы қатаңдатылғаннан кейін құрғақ аштық жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алматы соты журналистің үйқамақтағы мәртебесін күзетпен ұстау түріндегі қамауға ауыстырған. Бұған дейін сот Қасеновтің үйқамақ талаптарын бірнеше рет бұзғанын, соның ішінде әлеуметтік желілерде жарияланымдар жасағанын және сот отырысына келмегенін мәлімдеген болатын.

Сот шешімінен кейін жарияланған видеода Амир Қасенов бұл істі әділ сот емес, «сотталу» деп бағалап, қарсылық ретінде құрғақ аштық бастайтынын мәлімдеді.

«Мені заңсыз түрде тірідей соттауға жол бермеймін. Менің мәйітімді соттайсыңдар. Бұл – сот емес, сотталу. Осы сәттен бастап толық құрғақ аштық жариялаймын», – деді ол.

Қасеновке қатысты қылмыстық іс соңғы апталарда қоғамда қызу талқыланып келеді. Бас редактор бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жасап, өзін журналистік қызметі үшін қудалап жатқанын мәлімдеген еді. Оның мәлімдемесінен кейін бірқатар журналистер, құқық қорғаушылар мен адвокаттар қолдау білдірді.

Қорғаушылар тарапы істе процессуалдық заңбұзушылықтар бар екенін айтып келеді. Ал құқық қорғау органдары мен айыптау тарабы тергеу мен сот процесі заң талаптарына сәйкес жүргізіліп жатқанын мәлімдеуде.

Айта кетейік, Амир Қасенов пен КазТАГ басшылығына қатысты іс бойынша келесі сот отырысы 22 маусымға белгіленген.