Қазақстанның ішкі істер вице-министрі – Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) төрағасы Абай Қайырбеков бұрынғы ұлттық экономика министрі Куандық Бишімбаевтың жазасын өтеу жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қайырбековтың айтуынша, Бишімбаев түзету мекемесінде өзге сотталғандармен тең жағдайда отыр.
«Бишімбаев жазасын қылмыстық-атқару заңнамасының барлық талаптарына сәйкес, басқа сотталғандармен бірдей жағдайда өтеп жатыр», – деді ҚАЖК төрағасы.
Шенеунік оның еңбекке тартылуы мен табысына қатысты сұраққа жауап беріп, мұндай мәліметтер жеке деректер санатына жататынын атап өтті.
«Сотталғандарды жұмысқа орналастыру мәселесі жеке деректерге жатады және бұл ақпарат тек туыстары мен адвокаттарына ғана беріледі. Жалпы алғанда, біздің мекемелерде сотталғандардың шамамен жартысы еңбекпен қамтылған. Биыл біз жұмыс істейтіндер санын үш мың адамға арттырдық және бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз», – деді вице-министр.
Журналистер экс-министрдің жеке камерада ұсталып-ұсталмайтынын да сұрады.
«Мен айтқандай, ол жазасын жалпы негізде, басқа сотталғандармен бірге өтеп жатыр. Бұл сотталғанға қатысты ерекше жағдайлар, жеңілдіктер немесе арнайы талаптар жоқ», – деп нақтылады Қайырбеков.
Еске салайық, былтыр 13 мамырда Астанада Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша сот процесі аяқталған болатын. Сот бұрынғы ұлттық экономика министрі Куандық Бишімбаевты азаматтық жұбайын азаптап өлтірді деп танып, оны 24 жылға бас бостандығынан айырды.