Олжас Байдилдинов Энергетика министрлігі жанындағы қоғамдық кеңеске мүше емес. Бұл туралы министрлік мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, кейбір БАҚ-та Олжас Байдильдинов "ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі" ретінде көрсетілген материалдар жарияланғанына және оның қоғамдық көліктегі жолақы жөніндегі пікіріне қатысты министрлікке сауалдар түскен.
"Олжас Байдильдинов ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі емес. Оның қоғамдық көлік қызметтері тарифтерін белгілеу мәселелері бойынша айтқан пікірі - жеке көзқарасы және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының ресми ұстанымын білдірмейді. Қоғамдық көлік қызметтері тарифтерін белгілеу жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) құзыретіне жатады. Бұл мәселе Энергетика министрлігінің қызмет саласына кірмейді және оның күн тәртібінде жоқ", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін сарапшы Алматы мен Астанада жолақысы 500 теңге болуы керек екенін айтқан.