“12 пайызы ғана қауіпсіздік талаптарына сай”. Сәденов елдегі жол мәселесін сынға алды

Қаракөз Амантай 13 қаз. 2025 14:11

Қазақстанда республикалық маңызы бар автожолдардың небәрі 12 пайызы ғана қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді. Ал жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі – шамамен 85 пайызы елді мекендер аумағында тіркеледі. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазіргі таңда ені төрт және одан да көп жолақтан тұратын 6 мың шақырымнан астам автожол салу қажет. Әсіресе елді мекендер арқылы өтетін жол бөліктеріндегі қауіпсіздік мәселесі өткір тұр. Осы аймақтарда 59 жерасты және 119 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі, шамамен 600 бағдаршам, мың шақырымнан астам жаяу жүргіншілер қоршауы, 15 мың шақырым жарықтандыру және 70 мың шақырым тротуар салу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 2 800 шақырым велосипед жолы салынады", – деді Сәденов.

Министрдің айтуынша, бұл мәселелер өткен айда Үкімет отырысында қаралып, нақты тапсырмалар беріліп, орындалу мерзімі бекітілген.

Сондай-ақ Ержан Сәденов патрульдік қызметте штат тапшылығы бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, дәл осы қызмет жол қозғалысы қауіпсіздігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді, алайда халық пен көлік санының артуына байланысты кадрлар жетіспейді.

"Қосымша 8 200 қызметкер қажет. Қазір бар болғаны 13 мың бағыттың үштен бірі ғана қамтылып отыр – 4,3 мың маршрут. Әкімдерге қосымша қаржы көздерін табу тапсырылды", – деді ІІМ басшысы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар