АҚШ президенті Дональд Трамптың ұшағы Израильдегі Бен-Гурион атындағы әуежайға қонды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
The Times of Israel мәліметінше, әуежайға Трампты қарсы алу үшін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен ел президенті Ицхак Герцог келді. Сондай-ақ Трамппен бірге оның қызы Иванка Трамп, күйеубаласы Джаред Кушнер және АҚШ-тың Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф те бар. Олардың үшеуі де Израиль мен ХАМАС арасындағы бітім жөніндегі келіссөздерде маңызды рөл атқарған деп саналады.
Ақпаратқа сәйкес, Трамп Израильде бірнеше сағат болады. Сол уақыт ішінде ол ХАМАС тұтқынында болғандардың отбасыларымен кездесіп, кейін Израиль парламентінде сөз сөйлейді.
Сапардың соңында Дональд Трамп Мысырға ұшып, Газа секторындағы бейбіт келісімнің алғашқы кезеңі жөніндегі құжатқа қол қою рәсіміне және саммитке қатысады деп жоспарланған.
Еске салайық,Израиль мен ХАМАС арасындағы бітім күшіне енген болатын.
Газада атысты тоқтату режимі күшіне енді. ХАМАС қозғалысымен тиісті келісімді Израиль үкіметі бекітті. Алғашқы кезең аясында ХАМАС тірі қалған барлық тұтқындарды босатады, ал Израиль армиясы әскерін шегіндіруді бастайды.
10 қазанға қараған түні Израиль Министрлер кабинеті радикалды ХАМАС қозғалысымен бітім жөніндегі келісімді бекітті. Израиль премьер-министрінің кеңсесі РБК-ға түсіндіргендей, дәл осы сәттен бастап атысты тоқтату режимі күшіне енді.
Келісімнің өзі бұған дейін, 9 қазанда, Мысырдың Шарм-эш-Шейх қаласында жасалған. Оның негізіне АҚШ президенті Дональд Трамп өткен аптада ұсынған жоспар алынған.