Еш пайдасы жоқ ұйым. Кәсіпкерлер «Атамекен» палатасына жарна жинауға қарсы шықпақ

Көркем Алдабергенова 13 қаз. 2025 12:30

2026 жылдың басында кәсіпкерлердің түрлі қауымдастықтары бірігіп, «Атамекен» палатасына жарна жинауға қарсы петиция жариялауға дайындала бастады. Бұл туралы DALA INSIDE дереккөзі айтып отыр. Олардың ойынша, қазіргі таңда бұл палатадан бизнеске ешқандай пайда жоқ. Керісінше «Атамекен» ұлттық палатасы кәсіпкерлердің дамуына кедергі келтіретін қосымша барьерге айналып барады.

«Шағын кәсіпкерлерді былай қойғанда, Атамекен орта бизнестің де, ірі бизнестің де корпоративті және қосымша құн салығы бойынша құқықтарын қорғай алмады. Ұсақ-түйек корректировкалар болмаса, Үкіметке мүлде сөзін өткізе алған жоқ. Кей кезде бизнесті әдейі жығып беріп отырғандай әсер қалдырды. Кәсіпкерлер «онда палатаның шығынын біз емес, Үкімет төлесін деген пікірде». Жалпы келесі жылы «Атамекен» палатасына өзінің қажет құрылым екенін дәлелдеу қиын соқпақ. Кәсіпкерлер палатадан сырт айнала бастады. Жаңа Салық Кодексін өткізіп алған Үкіметке де енді мұндай ұйымның қажеті шамалы», - дейді, DALA INSIDE дереккөзі.

Егер келесі жылы Атамекен мен кәсіпкерлер арасындағы текетірес қыза түссе, 2027 жылдары осы палатаны тарату мен жабу туралы мәселе үлкен трибуналардан көтерілуі мүмкін. Палатаның қазіргі төрағасы Райымбек Баталов өте сылбыр жұмыс істейтіндей әсер қалдырады. Басында шенеуік емес, бизнес өкілі болғандықтан Баталовқа кәсіпкерлер тарапынан зор үміт артылған еді. Ол үміт ақталмаған сияқты. Тіпті салыстырмалы түрде, бұрынғы төраға Мырзахметовке қарағанда Баталовтың дауысы мүлде естілмейді.

«Баталов болсын, басқасы болсын, дәл персоналийге тақалып тұрған ештеңе жоқ. Басқа төраға болса да, Атамекен керемет тиімді бола алмайды. Мәселе ұйымның архитектурасында. Атамекен құрылған кезінде сол уақытта туған проблемаларды тез шешуге арналып жасалған болатын. Ол проблемалар шешілді, уақыт артта қалды, мүлде басқа заман орнады. Қазір мұндай палата шынымен де керек емес. Немесе оны капиталды түрде мүлде қайта құру керек», - дейді, дереккөз.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының биылғы бюджеті 12 миллиард теңгеден асады. Оның 10,7 миллиард теңгесін кәсіпкерлер жарна түрінде жинап береді. Негізгі жарнаны палата ірі бизнестен алады. Үкімет бекіткен шекті мөлшерден аспаса, осы жарнаны шығындарға жатқызып, одан салықты шегеруге мүмкіндік бар.

Осы 12 миллиард теңгенің басым бөлігін палата жалақы төлеу, аренда төлеу, тауар мен жұмыс қызметтеріне жұмсайды. Сыртынан қарағанда, ата-анасы алып берген балмұздақты жеп отырған кішкентай бала сияқты. Кішкентай баланың ата-анасына еш көмектесе алмайтыны түсінікті. Кәсіпкерлер де сол үшін «мұндай палата бізге керек пе?» деген сұрақ қойып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар