Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов жаттығу кезінде ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Бұл туралы спорт журналисі Аслан Қаженов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның мәліметінше, боксшының омыртқасына зақым келген. Осыған байланысты Сәкен Бибосынов 29 қазанда Таразда басталатын бокстан Қазақстан чемпионатына қатыспайды.
«Өкінішке орай, кеше жаттығу барысында ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Омыртқасына зақым келді. Тезірек сауығып кетуін тілейміз», – деп жазды Аслан Қаженов.
Журналист алдағы ел чемпионатына қатысты да бірқатар мәліметті бөлісті. Оның айтуынша, Азия ойындарында жүлдеге іліккен Махмұд, Төрехан және Айбек турнирге қатыспайды. Нұрбек те үзіліс алған.
Қыздар құрамасынан Алуа мен Наталья шаршы алаңға шықпайды.
Қаженовтың сөзінше, қалған боксшылардың барлығы ішкі біріншілікке қатысуға тиіс. Қазақстан чемпионатында өзін жақсы қырынан көрсеткен спортшылар ғана ұлттық құрамаға іріктелмек.
«Сол жерде өз мықтылығын дәлелдегендер ғана ұлттық құрамаға алынады. Өте қызықты әрі тартысты жекпе-жектер күтіп тұр», – деп жазды ол.
Бокстан Қазақстан чемпионаты 29 қазанда Тараз қаласында басталады.