Ғылым тілімен айтқанда тамыр - жоғары сатыдағы, тұқымды өсімдіктердің жер ананың қойнауына бекіп, одан қоректік заттар мен суды сіңіретін және зат алмасу нәтижесінде пайда болған кейбір заттарды бөліп шығаратын негізгі вегетативтік мүшесі. Ал адам мен жануарлар ағзасында қан айналымын қамтамысыз ететін түтікше мүше. Осы қасиеттеріне қарай ұлы далада «тамыр тартты», «тамыр-таныс» т.б. ауыспалы мағыналы тіркестер қалыптасқан болса керек.
Ендеше ендігі сөз ғылым саласында өсімдіктердің тамырын зерттеп, тамырын тереңге тартқан ғалым, биология ғылымдарының докторы, ҚР ҰЖҒА академигі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының профессоры Наштай Мұхитдинұлы Мұхитдинов туралы болмақ.
Айта кетерлігі «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей Наштай Мұхитдинұлының ғылыми жетекшісі еліміздің биология саласына елеулі еңбек сіңірген, Қазақстанда ризология ғылымының негізін қалаушы, 1999 жылы дүние жүзілік 16-Ботаника конгресінің құрметті вице-президенті болып сайланған әлемге әйгілі ғалым, академик Иса Омарұлы Байтулин болған.
1996 жылы «Өсімдіктер тамыр жүйесінің эколого-морфологиялық ерекшеліктері» деген докторлық диссертациясын қорғаған ғалым осы жұмыстың нәтижесінде өсімдіктер тамырлары туралы ғылымға жаңа түсініктер енгізді. Бұл докторлық диссертацияға жиналған материалдар бірнеше жыл бойы Ақтөбе, Қарағанды, Алматы облыстарының аумағында жүргізілген далалық-ғылыми экспедициялардың нәтижесі еді.
Нәтижесінде Ақтөбе облысының қуаң дала аймағындағы сортаң топырақтардың әртүрлі типтеріндегі, Солтүстік Балқаш өңіріндегі сұр-қоңыр сортаң топырақтарындағы және Іле Алатауының әртүрлі шөпті-бұталы альпі, субальпі белдеулеріндегі табиғи өсімдіктер қауымдастығының 160 доминанттары (басым түрлері) мен ингредиенттерінің (құрамдас бөліктерінің) тамырларының эколого-морфологиялық ерекшеліктері, сортаң топырақтың ондағы әртүрлі әдістермен егілген өсімдіктердің тамырына әсерінің ерекшеліктері, сұрғылт сортаңдау топырақта егілген негізгі мәдени өсімдіктердің тамырларының даму ерекшеліктері анықталған.
Еңбек жолын 1971 жылы ботаника кафедрасының ассистенті қызметінен бастаған ғалым білім беру жүйесіндегі жемісті еңбектері үшін Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Мақтау қағазымен (1983 жылы), КСРО Жоғары Кеңесінің «Ерен еңбегі үшін» медалімен (1984 жылы), «Білім беру үздігі» белгісімен (1990 жылы) марапатталды.
Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін егемен елдің білім және ғылым саласының тамыр тартуына сіңірген еңбегі үшін, ол «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» ҚР Білім және ғылым Министрлігінің төсбелгісімен (2003 ж.), Еуропа Ғылыми-Өндірістік Палатасының алтын медалімен (2013 ж.) марапатталды. 2013 ж. «ҚР ЖОО Үздік оқытушысы» атағына ие болды.
2011 жылы 70 жылдық мерейтойында Қазақстан теле арнасына берген сұхбатында «Қазақстанда ғылымды дамыту үшін қазақ тіліндегі оқулықтар және ғылыми мақалалар керек» деп ой түйіндеген ғалым алғаш рет ана тілімізде «Өсімдіктер морфологиясы және анатомиясы» (2001), «Биогеоценология» (2007), «Қазақстан биоресурстары» (2009), «Геоботаника» (2011), «Дәрілік өсімдіктер» (2013) және «Қазақстан биоресурстары» (2016) секілді 3 ғылыми монография, 3 оқулық және 7 оқу құралын жазды. Сонымен бірге магистранттары мен PhD докторанттарына қазақ тілінде диссертация қорғатып жүрген санаулы ғалымының бірі десек те болады. Айтпақшы Наштай Мұхитдинұлының 1961 жылы ҚазМУ, биология факультеті қабырғасынан ашылған тұңғыш қазақ тобының түлегі екенін мақтанышпен айта кетуге болады. Қазіргі кезде профессор Н.М. Мұхитдинов түрлі тілдерде жазылған 400-ден астам ғылыми мақалалар, оқулықтар және оқу құралдарының авторы.
Наштай Мұхитдинұлының барлық саналы өмірі (2 жылдық есепшіліктен басқа) өзі білім алған университет қабырғасында өтті. Ол аға лаборанттан университеттің ғылыми жұмыстары жөніндегі проректордың орынбасары сияқты қызметтердің барлық сатыларында абыройлы еңбек етті. Еңбек баспалдақтарына көз жүгіртсек, ол 1970-1976 жылдары ассистент, аға оқытушы, 1976-1988 жылдары доцент, 1983-1988 жж. университеттің ғылыми жұмыстары жөніндегі проректордың орынбасары, 1989-2005 жж. Ботаника кафедрасының меңгерушісі, 1995-2000 жж. биология факультетінің деканы болды, ал 2005 жылдан күні бүгінге дейін осы кафедраның (қазір биоалуантүрлілік және биоресурстар) профессоры қызметін атқаруда.
1 халықаралық және 10-ға жуық отандық ғылыми-зерттеу жобаларының жетекшісі болған Наштай Мұхитдинұлы отандық және шетелдік 20-дан астам (Азия, Еуропа елдері және АҚШ) халықаралық конференцияларға қатысып баяндама жасады.
«Табысқа жеткен еркектің артында ақылды жары тұрады» демекші, құдай қосқан қосағы Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты, клеткалық биология зертханасының аға ғылыми қызметкері, ғылымда өзіндік ізі бар ғалым, биология ғылымдарының кандидаты Зинат Рахымжанқызы Наштай Мұхитдинұлы мен бірге өмірдің ащы-тұщысын бірге татып, көбінесе далалық ғылым экспедицияларда, ғылыми іссапарларда жүретін отағасының жолын күтіп, жоқтығын білдірмей, балалары мен немерелерінің де отағасының да рухани тірегі, аналық жылуы.
Жетекшілігімен 2 докторлық, 15 кандидаттық, 3 PhD докторанттық, бірнеше ондаған магистрлік диссертация қорғатып, ғылымға тамырын терең тартып, жапырақ жайған ғалымның шәкірттері Алтай, Арқа мен Атырау арасында әр салада қызмет атқаруда, тіпті шетел асып онда өз еңбектерімен мойындатқандары да жетерлік.
Үстіміздегі жылы жасыл әлем ілімі майталманының 80 жылдық мерейтойы ел іші-сыртындағы ғалымдардың қатысуымен ғылыми-тәжірбиелік конференция ретінде аталып өтпекші.
Тамырын ғылымның тереңіне тарқан тұлға әрі ұстаз Наштай Мұхитдинұлының асатын асулары әлі алда. Осы асуларды шаршамай асуына тілектеспіз. Жанұясы, әріптестері мен көптеген шәкірттерінің арасында жапырағы жайқалған жасыл орманның бәйтерегіндей биікке қарай ұмтыла беруіне тілектеспін.
Әлібек Ыдырысұлы (шәкірті)
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті