Сарапшы Ұлттық қордан тағы да қосымша трансферттің тартылуы туралы: Бюджет кодексін бұзып отыр

Кәмшат Тілеухан 07 қар. 2024 13:47 1837

Осы аптада "2024-2026 жылдарғы республикалық бюджет туралы Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу" туралы заң жобасының мәтіні жарияланып, көпшілік талқысына ұсынылды. Өзгеріс тек 2024 жылды қамтиды. Онда да басты өзгеріс Ұлттық қордан алынатын нысаналы трансферт көлемін тағы 2,0 трлн теңгеге ұлғайтуды қарастырады, яғни 1,6 трлн теңгеден 3,6 трлн теңгеге дейін, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ұлттық қордан алынатын нысаналы трансферт көлемін тағы 2,0 трлн теңгеге ұлғайту бюджетке түсетін кірістер көлемінің төмендеуімен байланысты", - дейді Halyk Finance басқармасы төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов.

Оның айтуынша, Ұлттық қордан бюджетке бағытталатын ресми трансферттердің жалпы сомасы (кепілдендірілген және нысаналы трансферттер) 5,6 трлн теңгені құрайды.

"Бұған дейін де атап өткеніміздей, 2024 жылғы шілдеде 467,4 млрд теңге сомасында "Қазатомөнеркәсіп" АҚ акцияларына қатысты жүргізілген валюталық операцияларды ескерсек, Ұлттық қордан бюджетке бағытталған трансферттердің жалпы сомасы 2024 жылы 6,1 трлн теңгені құрайды. Заң жобасы түсіндірмесінде 2024 жылы бюджетке түсетін салықтық түсімдер жоспарланған 3,1 трлн теңге көлемінен төмен болатыны атап көрсетілген. Біздің ойымызша, бюджет кірістерінің күрт төмендеуі нысаналы трансферттің 2,0 трлн теңгеге ұлғаюының, сондай-ақ "Қазатомөнеркәсіп" АҚ акциялары бойынша 0,5 трлн теңгеге жуық валюталық операциялардың жүзеге асырылуының басты себебі болып табылады. Өйткені бұл арада бюджет шығындары өзгеріссіз қалуда. Осылайша, Ұлттық қордан қосымша тартылған нысаналы трансферттер салықтық түсімдерінің күрт төмендеуінен туындаған бюджет тапшылығын жабу үшін пайдаланылатын болады", - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, Бюджет кодексіне сәйкес, Ұлттық қордан тартылған нысаналы трансферттер Президенттің шешімі бойынша республикалық бюджетке мыналарды қаржыландыру үшін пайланыла алады: біріншіден, экономиканың құлдырау кезеңіндегі дағдарысқа қарсы немесе экономика өсімінің қарқыны бәсеңдегенде қолға алынатын бағдарламаларға; екіншіден, әлеуметтік маңызы бар ұлттық ауқымдағы жобаларға, стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырушы баламалы көздер болмаған кезде.

"Осы жағынан алғанда бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін нысаналы трансфертті пайдалану Бюджет кодексінің осы ережелерін бұзады. Жалпы біз Ұлттық қорды пайдалану бойынша шешімдердің ашықтығының төмен деңгейін баса  атап өткіміз келеді. Мысалы, биылғы жыл ортасында 2023 жылдағы Ұлттық қор бойынша егжей-тегжейлі есеп жарияланбады, тек  Президенттің Жарлығын көрдік. Маусым айында Қаржы министрлігінің 2023 жылдағы Ұлттық қор бойынша есебі жарлықпен бекітілгені туралы ақпараттық хабарлама жариялады, бірақ есептің өзі қолжетімді дереккөздерге орналастырылмады. Біздің ойымызша, бұл Ұлттық қор бойынша жүргізілген операциялардың ашықтығына селкеу түсіруші теріс құбылыс болып табылады", - дейді ол. 

Айта кетсек, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те Ұлттық қордан көптеп ақша алынуы базалық сыйақы мөлшерлемесін төмендету туралы өз міндеттерін орындауда айтарлықтай кедергі келтіріп отырғанын айтқан.

Ұлттық қор активтерінің өсімі тек инвестициялық табысты ғана қолдайды. Трансферттердің жоғары көлемі бағаларға тікелей қысым жасай отырып, ақшалай ұсыныстарды арттырады. Мұның бәрі базалық сыйақы мөлшерлемесін төмендетудегі кеңістік аясын айтарлықтай шектейді", - деді 2024 жылы 15 қазанда өткен Үкімет отырысында Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, Ұлттық қорға түскен түсімнен алынып жатқан ақша көлемі көп.

"2024 жылғы трансферттердің жалпы көлемі 6 трлн теңгеден асады, ал 2024 жылдың басында бұл шек 3,6 трлн теңгені құрайды деп жоспарланған болатын", деп еске салды Сүлейменов.

Осылай деген Сүлейменов, шын мәнінде бірнеше жылдан бері "Қазақстанда бюджеттік дағдарыс болатын күн таяп қалды" деп дабыл қағып жүрген сарапшылардың пікірлерін нақтылай түскендей.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар