"Ресей әскердің күшімен Түркияны қос қапталдан қысып, қоршауға алмақ. Солтүстігінде Қырым, оңтүстігінде Сирияға әскер орналастырып, Анкараны тырп еткізбеуді көздейді. Мәскеу туризм саласын, газ тасымалы мен екі жақты алыс-берісті де Түркияны тежеу, бопсалау мақсатында ұтымды пайдаланып отыр», – дейді түрік профессоры.
Ол соңғы уақытта Ресейдің Сириядағы оппозиция күштері бекінген Идлиб, Хам, Алеппо секілді аудандарды бомбылауды жиілетіп кеткенін айтады. Сирияның Азаматтық қорғаныс басқармасының дерегінше, ресейлік жойғыш ұшақтар бір тәулікте 45 нысанды жермен-жексен еткен.
Ал Сирия басшысы Башар Асад араға алты жыл салып, ресми сапармен Путиннің алдына барды.
"Кремль көсемі Таулы Қарабақтағы кикілжіңнен шет қалғанына, бұл мәселе Ердоғанның пәрменімен Әзірбайжан пайдасына шешілгеніне наразы. Ресей шатқаяқтап қалған позициясын Сирия оппозицияның негізгі шебі Идлибті бомбылау арқылы қалпына келтіруді көздейді.
Түркия президенті Мәскеудің Таяу Шығыстағы атыс-шабысты тоқтатуға мүдделі емесін бірнеше рет мәлімдеген. Ал Асадтың Мәскеу сапары Идлибқа қарсы шабуылдың үдей түсетінін аңғартады», – дейді сарапшы.
Оның пайымдауынша, Путин НАТО мүшесі Түркияны солтүстігінде Қырым, оңтүстігінде Сирия арқылы қоршауға алып, Мәскеуге мұхтаж қылуды көздейді. Қырымдағы Севастополь пен Сириядағы Хмеймим әуе базасы Түркияға әскери қауіп-қатер төндіретін нысандар санатында.
Сезай Озчелик Путиннің Түркияны қоршай орналасқан әскери базаларда 70 мыңға жуық жауынгер орналастырғанын айтады. Бұлардың басым бөлігі Қырым түбегінде шоғырланған, соңғы уақытта Ресей Сириядағы әскери күшінің ауқымын арттырып жатыр.
"Қырым пен Сирияда Кремльдің жаяу әскері, әскери теңіз күштері мен әуе күштері орналасқан. Ресейдің саяси ықпалы аталған аймақпен шектелмейді. Абхазия, Оңтүстік Осетия, Армения, Молдова және Ливияны да байлап-матап тастаған, Ресейдің әскери күштері мұнда да емін-еркін жүр.
Бұл Түркияны тікелей қоршауға алғанның көрінісі әрі елдің қауіпсіздігіне қатер төндіретін фактор. Мәскеудің Оңтүстік Кипрмен әңгімесі жарасып, әскери-саяси әріптестік орнатуға тырысуы да Анкараға берілген белгі», – дейді түрік профессоры.
Оның айтуынша, Грекия билігі Ресейден сатып алған С-300 зымыран кешендерін аралға тездетіп орналастыруға асығып отыр. Ресейдің әскери теңіз флоты Оңтүстік Кипрді торуылдауы тегін емес, түнеукүні аралдың негізгі порты Лимасолға «Адмирал Кузнецов» әскери кемесі аялдаған.
Сарапшының тұспалдауынша, әзір екі ел Лимасол портын Жерорта теңізіндегі Ресейдің әскери базасына айналдыруды ойластыруда. Тараптар тіл табысса, бұл Кремльдің Жерорта теңізіндегі Сириядағы Тартустан кейінгі екінші әскери базасына айналмақ.
"Путин қырғи-қабақ дәуірге қайта оралғанды қалайтын секілді. Ресейдің саясаты – конфликтіні соза түсу деп аталады. Былайша айтқанда, бітімге келмейтін дау, түйіні тарқамайтын, күрмеуі көп кикілжің.
Ресей Түркияны қоршауға алғаны аздай, екі жақты алыс-берісті, орыс туристерін, табиғи газды саудаға салуда, уақыт өте келе бопсалауға дейін барады.
Ливиядағы, Таулы Қарабақтағы ұрыс-керісте Ресей Түркияға қарсы соғысты. Таулы Қарабақтағы жанжалда армян әскерімен қатар Мәскеу де күйрей жеңілді. Әскери тактикасы ақталмады.
Путин кешірімге сараң, кекшіл адам. Ол мұндайды ұмытпайды. Идлибке шабуыл жасау арқылы абырой-беделін қалпына келтіруді көксейді...", – дейді түрік профессоры.
Мәселе бұған ғана тіреліп тұрған жоқ, Идлибті үздіксіз бомбылап, оппозиция күштерін талқандауды көздейтін Путин осы арқылы Түркияны тығырыққа тірегісі келеді. Соғыстан бас сауғалаған жұрт Түркия шекарасына қарай лап қояды деп болжайды.
Сөй деген Сезай Озчеликтің пікірінше, Путиннің түпкі ойы – Ердоғанның тәбетін тежеу, оның аймақтағы саяси амбициясын ауыздықтау. Мұның арғы жағында Орта Азия елдерінің құлағы қылтияды.
"Босқын мәселесі – Түркияның жанды жері. Мәскеу мұны саяси ойынға айналдырып, Анкараны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауды армандайды.
Гибридті соғыстың әдіс-тәсілдерін Путиннен артық меңгерген адам жоқ. Кипр, Сирия, Қырым, Беларусь секілді елдерде Ресейдің төлқұжатын таратып жатыр. Ақпараттық пропагандасы халықтың санасын улап, "Путин пайғамбар" деген үгіт-насихат жүргізуде. Кремльдің сойылын соғатын аудитория әр тұстан төбе көрсетуде. Бұған Кипрде құрылған Прогрессивті партия, Болгариядағы «Атака» партиясы, Грекиядағы «Алтын шапақ» саяси бірлестігі, Түркиядағы «Родина» және Сириядағы «Баас» партиялары дәлел", – дейді сарапшы.
Түрік профессоры Ресейдің бастамасымен өтіп жатқан әскери жаттығулар Батыс өркениетіне қауіп төндіретінін айтады. "Батыс-2021" әскери жаттығуына Ресей мен Беларусьтің 200 мыңға тарта жауынгері қатысқан. Бұдан бөлек Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан әскерилері де осы жаттығудың бел ортасында жүрген-ді.
Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ