Әне-міне Шымкент, Ташкент губернияларын құрамыз – Жириновский

Dalanews 26 қыр. 2021 15:59 864

Ресейдің Либерал-демократиялық партиясының төрағасы Владимир Жириновский Орта Азияны тәліптермен қорқытуда, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ол Ауғанстандағы жағдай ушыға түссе, Орта Азия елдері Ресейге өз еркімен қосылады деп есептейді. Жириновскийдің бұлай деген пікірі партияның Youtub-тегі ресми арнасында жарияланған.

“Ауғанстан халқының негізгі бөлігі пуштундардан тұрады. Олар Пәкістанның халқына жақын, олар да өздерін пуштунға жатқызады. Бұлар біріге келе, қазіргі Ауғанстан аумағында Пуштунистан атты ислам мемлекеті құрылады. Олар бұл ойын жүзеге асыруды армандайды, оларға кедергі келтірмеңіздер. Индия мен біздің Орта Азияның арасында бір Пуштунистан болуы қажет…”, – дейді ресейлік саясаткер.

Жириновский Ресей үшін мұндай жағдайда еш әрекет етпеу ең дұрыс қадам деп пайымдайды. 


“Егер Кремль Ауғанстандағы жағдайға араласпай, шет қалар болса, түрлі-түрлі террористік ұйымдардың өкілдері, бандылары Орта Азияға басып кіреді. Олар Ауғанстаннан аштық, жоқшылық пен жұмыссыздықтан қашып аталған аймақты торуылдайды.

Орта Азияда Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан секілді ауқатты елдер бар. Олар аймаққа басып кіріп, басып-жаншып, қырып-жоя бастайды. Біз сонда да араласпауымыз қажет. Шамалы уақыттан кейін бұл елдердің жетекшілері Мәскеу не болмаса Саратовқа бас сауғалап, қашып келеді. Содан соң президент Путинге өздері басшылық еткен мемлекетті Ресейдің бір губерниясы ретінде құрамына қосып алуды өтінеді. Міне, сол кезде біз бұл ұсынысты қабыл аламыз, Орта Азия террористерден, экстремистерден арашалап, аймақты радикалдардан тазалаймыз”, – дейді Либерал-демократиялық партиясының төрағасы.

Жириновскийдің пікірінше, бұл жоспардың ақырғы аялдамасы – Орта Азия елдерінің Ресейдің құрамына қосылуымен аяқталады. Аймақта Кремльдің бұйрығына бағынатын Бішкек, Ташкент, Душанбе, Ашхабад және Шымкент губерниялары құрылады.

“Ешқандай республика, ешқандай президент деген болмайды. Біз бұған жол бермейміз”, – дейді саясаткер.

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар