Қазақстанда мектепке дейінгі білім беруді жаңа деңгейге көтеруді мақсат еткен «Құзыреттілік орталықтары» жобасы соңғы жылдары қоғам назарын аударуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған бұл бастама бүгінгі таңда 330-дан астам орталықты біріктіріп, балабақша, ата-ана және мектеп арасындағы байланысқа жаңа сипат берді. Жоба аясында ойынға негізделген орта жасалып, тәрбиешілер үздік тәжірибелермен қаруланып, ата-аналар баланың алғашқы білім қадамын ішінен көруге мүмкіндік алуда. Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамованың Dalanews.kz тілшісіне берген сұхбатта аталған орталықтардың жұмысы, олардың ауыл мен қаладағы рөлі, сапаны бақылау тетіктері және ата-анамен серіктестік мәдениетін қалыптастыру жайында кеңінен сөз қозғалды. Білікті маманның айтуынша, басты мақсат – баланың қызығушылық отын сөндірмей, оны білімге айналдыру.
– Манара ханым, сіздің сөзіңізде «мектепке дейінгі білім – баланың алғашқы әлеуметтік келісімі» деген пайым көкеймізге тұнып қалды. Мұның мәнін қалай түсіндіресіз?
– Әр баланың өмір жолы алғаш рет балабақша есігін ашқан сәттен басталады десек қателеспейміз. Бұл – тек ойын, жаттығу немесе жаңа достар табу емес, баланың қоғамдық ортадағы алғашқы келісімі. Ол жерде тәртіпке үйренеді, қарым-қатынас жасайды, өзін басқа балаға қарсы қояды және өзін бағалауды үйренеді.
Егер осы кезең дұрыс қалыптасса, бастауыш мектепке ауысу жеңіл болады. Мұғалім жұмысы жүйеленеді, ата-ана сенімі артады. Сондықтан біз «Құзыреттілік орталықтарын» тек жобалық атау ретінде емес, баланың өмір жолындағы алғашқы маңызды келісім алаңы ретінде қарастырдық.
– Бұл идеяны дәл қазір қолға алу себебі неде?
– Себебі соңғы жылдары мектепке дейінгі сектор жылдам өсті. Жекеменшік пен мемлекеттік балабақшалардың саны көбейді, бірақ сапа мәселесі күн тәртібіне шықты. Кадр дайындығы әркелкі, бағдарламалар арасында айырмашылық көп.
Мұндай жағдайда тек бақылау жеткіліксіз, жүйелі тетік қажет болды. Біз «орталық – серіктес балабақша – тірек мектеп» үштігін құрып, осы олқылықты жоюға тырыстық. «Құзыреттілік орталығы» жай кабинет емес, тірі экожүйе. Мұнда тәрбиеші шеберлік сыныбынан өтеді, педагогикалық коучинг алады, ата-ана ашық күндерге қатысып, оқу процесін ішінен көреді.
– Қазіргі ахуалды сандармен сипаттай аласыз ба?
– Әрине. Бүгінде елімізде 330 құзыреттілік орталық жұмыс істейді. Оның 180-і қалада, 150-і ауылда орналасқан. Бұл теңгерім біз үшін маңызды, себебі ауылды тек тәжірибе алаңы емес, тең мүмкіндік кеңістігі деп қараймыз. Құрал-жабдық, әдістемелік материал, менторлық жүйе қала мен ауылға бірдей қағидамен жеткізіледі. Жобаның өзегі – осы.
202 орталыққа тірек мектепке дейінгі ұйым мәртебесін беріп, оларды тірек мектептермен байланыстырдық. Бұл баланың ойындағы қалыптасқан мінез-құлық, қарым-қатынас, ұсақ моторика сияқты дағдыларын бастауыштағы оқу үдерісімен байланыстырады. Енді мектепке дайындық тек тестке қарап бағаланбайды. Ол баланың табиғи дамуы, тілдік құзыреті, қарым-қатынасы арқылы бағаланады.
– Кейбіреулер ойын – уақыт өткізу деп қарайды. Сіз қалай ойлайсыз?
– Бұл – ең қате түсінік. Ойын – баланың зертханасы. Біз пәндік-дамыту ортасын баланың қызығушылығына қарай құрамыз. Мысалы, трансформацияланатын аймақтар, сенсорлық материалдар, қауіпсіз тәжірибелер арқылы бала өз әлемін таниды. Тәрбиеші тек «білетін адам» емес, ол – тізгіндеуші. Баланың сұрағын тыңдайды, қызығушылығын тереңдетеді. Бұл тәсіл халықаралық тәжірибеге де сәйкес келеді. Сапаны сыртқы атрибутпен емес, баланың даму көрсеткішімен өлшейтін мәдениет қалыптасып келеді.
Осы ретте жұмыс сапаны жақсарту үшін ұлттық мониторингпен қатар халықаралық құралдарды енгізудеміз. Мәселен, білім беру ортасының сапасын кешенді өлшейтін шкалалар бар. Сондай-ақ, тәрбиеші портфолиосы артефакттармен толықтырылады, сабақ бірлесіп талданады. Нәтижені қағаз емес, баланың дамуындағы нақты ілгерілеу, ата-ананың қанағаттануы, тәрбиешінің кәсіби өсуі айқындайды.
– Ауылдық педагогтардың жағдайы қалай шешілуде?
– Ауылда тәрбиеші кейде қолдаусыз қалады. Біз осыны ескеріп, орталықтарды аймақтық менторлық хабқа айналдырдық. Қашықтықты онлайн коучинг, вебинарлар, көшпелі шеберлік сыныптар арқылы арадағы қашықтықты қысқартамыз. Материалдық база да біртіндеп теңестірілуде. Ең бастысы – кадрдың кәсіби өсу жолы анықталды. Елімізде алғаш рет модульдік біліктілік, портфолиомен расталатын жүйе енгізілуде.
– Бұл бастама қағазбастылыққа айналып кетпей ме?
– Мұндай қауіп әрқашан бар. Бірақ біз мәнге көбірек көңіл бөлеміз. Есеп үшін емес, бала үшін жұмыс істеуді алға шағарамыз. Тәрбиешінің уақытын артық қағазға емес, балалармен жұмысқа жұмсауын қамтамасыз етуге тырысамыз. Сыртқы бағалау ішкі рефлексиямен тең дәрежеде жүреді.
Сонымен қатар ата-аналарды ісімізге серіктес ретінде тартудамыз. Орталықтардағы ашық күндер, ата-ана–педагог–психолог сессиялары, үйге арналған ойын сценарийлері – бәрі осы мақсатта жасалып отыр. Біз «баланы оқыту» емес, «баламен бірге үйрену» мәдениетін қалыптастырамыз.
– Қолға алған бастаманы кеңейту туралы не айтар едіңіз?
– Қазір 330 орталық бар, бірақ бұл меженің соңы емес. Әр өңір өз ерекшелігін сақтай отырып дамиды. Тілдік орта, этнографиялық материал, жергілікті өмір салты енгізіледі. Бұл – біріздендіру мен дараландыру арасындағы тепе-теңдік.
– Жалпы алғанда, «Құзыреттілік орталықтарының» миссиясын қалай айқындайсыз?
– Қысқаша айтсам, бұл – мектепке дейінгі білімді жаңғыртудың тірек нүктелері. Олар ойынға негізделген дамуды қалпына келтіреді, педагогтың мәртебесін көтереді, ата-ананы серіктестікке шақырады және мектеппен сабақтастық құрады. Ең басты өлшем – баланың көзіндегі қызығушылық оты. Сол отты өшірмей, білімге айналдыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
– Әңгімеңізге рахмет!