Түркия әуе кеңістігіне кірген ирандық зымыранды атып түсірген: Иран бұған не деді?
Сағыныш Сардарова
artsakh.news
Түркия әскери күштері әуе кеңістігіне кірген ирандық зымыранды атып түсірген. Алайда Иран Түркияға қарай зымыран ұшырғанын жоққа шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Ислам Республикасының Қарулы күштері бас штабы мәлімдеді.
Мәлімдемеде Иран әскері көршілес әрі достас Түркияның егемендігін құрметтейтіні, оның аумағына қарай зымыран жіберілді деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтіні айтылған.
Бұған дейін Түркияның Қорғаныс министрлігі Ираннан Түркия әуе кеңістігіне қарай ұшырылған баллистикалық зымыран Шығыс Жерорта теңізінде орналасқан НАТО-ның әуе және зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі арқылы жойылғанын хабарлаған еді.
Кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған аймақтағы күрделі жағдайға қарамастан ел шекарасы мен әуе кеңістігінің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Анкара НАТО одақтастарымен бірлесе отырып, барлық шараны қабылдап отыр.