«Росатомның» инвестициялық бағдарламасын қысқарту туралы ақпарат Ресей корпорациясының шетелдегі жобаларының, соның ішінде Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының (АЭС) тағдырына қатысты сұрақтар туындатты. Компанияның өзі оңтайландыру шаралары халықаралық міндеттемелерге әсер етпейтінін мәлімдеді. Қазақстандағы АЭС құрылысының мерзімі мен іске асырылуына қандай факторлар ықпал етуі мүмкін екенін талдап көрейік.
Неліктен инвестициялық бағдарламаның қысқаруы, АЭС қаржыландыруында азаюды білдірмейді?
«Росатом» бас директоры Алексей Лихачевтің мәлімдеуінше, компания 2026 жылға арналған инвестициялық бағдарламасын қайта қарап, бірқатар жобадан бас тартқан немесе оларды іске асыру мерзімін кейінге шегерген. Сонымен қатар компания бұл өзгерістер тек Ресейдің ішкі жобаларына қатысты екенін және халықаралық міндеттемелерге әсер етпейтінін атап өтті.
«Росатом» халықаралық консорциумның жетекшісі болып таңдалған Қазақстандағы АЭС құрылысына қатысты компания әзірге жобаны іске асыру мерзімін кейінге шегеру немесе қаржыландыру көлемін қысқарту туралы мәлімдеме жасаған жоқ.
«Росатомның» шетелдегі басқа құрылыс жобаларында не болып жатыр?
Инвестициялық бағдарламаның қысқаруына қарамастан, «Росатомның» шетелдегі басқа жобаларын іске асыру жалғасуда. Атап айтқанда, қазан айында Қытай мен Бангладештегі атом электр станцияларының құрылысында маңызды кезеңдер аяқталды. Бұл елдерде Ресейдің мемлекеттік корпорациясы ВВЭР-1200 реакторлары орнатылатын энергоблоктар салуға қатысып жатыр.
Мәселен, 8 қазанда Қытайдағы «Тяньвань» АЭС-інің жетінші энергоблогында электр қуатын өндіру кезеңі басталды. Ол алғаш рет электр энергиясын өндіріп, оны елдің энергетикалық жүйесіне бере бастады. «Тяньвань» атом электр станциясы Ресей мен Қытайдың бірлескен ең ірі энергетикалық жобаларының бірі саналады. Ресей тарапы станцияның жобалануына және реактор бөлігінің негізгі жабдықтарын жеткізуге жауап береді.
Бангладештегі алғашқы атом электр станциясының құрылысы да ілгерілеуде. «Руппур» АЭС-інің бірінші энергоблогындағы реактор қуаты алғаш рет ең төменгі бақыланатын деңгейге жеткізілді. Бұл оның белсенді аймағында тұрақты әрі басқарылатын тізбекті ядролық реакция басталғанын білдіреді. Аталған кезең станция электр энергиясын өндіре бастайтын энергетикалық іске қосу алдындағы маңызды қадам болып саналады.
«Росатом» басшысы Алексей Лихачевтің мәлімдеуінше, бірінші энергоблокты Бангладештің энергетикалық жүйесіне қосу биылғы жылдың қараша айының соңына дейін жоспарланып отыр.
«Руппур» АЭС-і Ресей жобасы бойынша салынып жатыр. Станция жалпы қуаты 2400 МВт болатын екі энергоблоктан тұрады. Оның құрылысына қатысты келісімшартқа 2015 жылғы желтоқсанда қол қойылған. Пайдалануға берілгеннен кейін станция елдегі ірі электр энергиясы көздерінің біріне айналады.
Қазақстандағы АЭС басқа схема бойынша қаржыландырылады
«Росатомның» инвестициялық бағдарламаны қысқарту туралы мәлімдемесіне байланысты туындаған негізгі сұрақтардың бірі – бұл шешім Қазақстандағы АЭС құрылысына бөлінетін қаражаттың азаюына әкеле ме деген мәселе.
Энергетика саласының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» басқарушы директоры Жақып Хайрушев ең алдымен қаржыландыру тетіктерін бір-бірінен ажырата білу қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін алдын ала қаржыландыру схемасы талқыланған. Оған сәйкес, құрылыс құнының 85 пайызы несие есебінен, ал қалған 15 пайызы Қазақстан тарапынан қамтамасыз етілуі тиіс болған.
«Мемлекеттік экспорттық несие мен «Росатомның» инвестициялық бағдарламасы – екі түрлі қаржылық тетік. Қуаты 1200 МВт болатын екі энергоблоктың жалпы құны шамамен 15 миллиард доллар деңгейінде бағаланған еді. Ал 2026 жылғы 28 мамырда Қазақстан мен Ресей мемлекеттік экспорттық несие беру туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. Дегенмен несиенің түпкілікті параметрлері екі елдің қаржы ведомстволары арасында әлі де келісіліп жатыр.
Сондықтан Ресей тарапының қаржылық мүмкіндіктері мәселесі біз үшін нақты практикалық маңызға ие. Бірақ бұл Ресей ертең Қазақстандағы АЭС құрылысын қаржыландырудан бас тартады дегенді білдірмейді», - деп жауап берді сарапшы.
Қазақстандағы АЭС құрылысының кешігуіне негіз бар ма?
Қазіргі уақытта «Росатомның» инвестициялық бағдарламасының қысқаруына байланысты Қазақстандағы АЭС құрылысының мерзімі кейінге шегерілетіні туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Энергетика саласының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» басқарушы директоры Жақып Хайрушевтің айтуынша, мұндай жобалардың ауқымы мен уақыт талаптарын ескеру маңызды.
«Атом энергиясы агенттігінің төрағасының өзі әлемдік тәжірибеге сәйкес, жобалау жұмыстары 5-7 жылға, ал құрылыс 10-15 жылға созылуы мүмкін екенін айтқан болатын. Сондықтан станцияны нақты бір жылы пайдалануға беру туралы айтылған мерзімдерді әзірге ең алдымен мақсатты бағдар ретінде қабылдаймын.
Мен үшін нақты есеп жобаның құны түпкілікті анықталып, несие шарттары келісіліп, құрылыстың негізгі кестесі бекітілгеннен және ұзақ мерзімде дайындалатын жабдықтарды өндіру басталғаннан кейін ғана басталады», - деп түйіндеді ол.