Премьер-министр Олжас Бектенов төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Премьер-министр Щучинск және Семей қалаларында болған оқиғаларды ескере отырып, мемлекеттік органдар басшыларының назарын қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне аударды.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов бұл екі дерек бойынша қылмыстық істер қозғалғанын, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатқанын баяндады.
"Щучинск қаласында қаза тапқандардың отбасыларына қажет көмек көрсетілді. Ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр, оның қорытындысы бойынша осыған ұқсас оқиғалар болуына жол бермеу жөнінде кешенді шаралар әзірленеді. Жарылыстың себебі - тұрмыстық газ баллондарын пайдалану ережелері бұзылуы. Семей қаласындағы балалар ойын-сауық орталығында болған өртке келетін болсақ, ТЖМ күштері өртті тез арада ауыздықтады, бұл адам шығыны болмауына мүмкіндік берді", - деді министр.
Олжас Бектенов министрлікке әкімдіктермен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін күшейтуді, профилактикалық рейдтер жүргізуді және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
