Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніндегі (АӨК) тұрақты өсімді халықаралық сарапшылар да атап өтіп жатыр. Сарапшылардың мәліметінше, саладағы ілгерілеу өндіріс көлемінің артуынан айқын көрінеді. Кейінгі үш жылдағы (2023–2025 жж.) орташа көрсеткішті алдыңғы үш жылмен (2020–2022 жж.) салыстырғанда негізгі дақылдар бойынша өндіріс көлемі 13%-ға өскен. Экспорт көлемі де кеңейіп, алдын ала бағалау бойынша дәл осындай салыстыру кезінде 27%-ға артқан. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұндай нәтижелерге көп жағдайда түрлі санаттағы шаруашылықтар үшін жеңілдетілген қаржылық құралдарға қолжетімділіктің кеңеюі ықпал еткен. Бұл қолдау айналым қаражатына деген қажеттілікті қамтамасыз етіп қана қоймай, техника паркін жаңарту мен өндірістік инфрақұрылымды дамыту сияқты инвестициялық міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік берген, – делінген ФАО-ның талдамалық материалында.
Халықаралық ұйым Қазақстанның мал шаруашылығы секторының әлеуеті зор екенін де мойындайды.
“184 млн гектар аумақты қамтитын жайылымдық жерлерінің көлемі бойынша Қазақстан әлемде төртінші орында. Бұл жайылымдар бірқатар стратегиялық артықшылық береді: өндіріс шығындарының төмендігі, көміртек нарықтарына қатысу мүмкіндігі, агротуризмді дамыту әлеуеті, сондай-ақ биоалуантүрлілікті сақтауға айтарлықтай үлес қосу. Қазақстанның қатаң континенттік климаты жануарлардың кейбір ауруларының таралу жиілігін төмендететін табиғи профилактикалық фактор ретінде де қызмет етуі мүмкін”, – деп атап өтті ФАО сарапшылары.
Сонымен бірге саланы дамыту үшін ветеринарлық бақылау мен қадағалау жүйесінің маңызы зор.
“Жануарлардың бірқатар трансшекаралық аурулары бойынша қолайлы мәртебені қалпына келтіру және кеңейту, ветеринарлық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізу сауда серіктестерінің сенімін арттырып, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтеді”, – деді халықаралық сарапшылар.
Сарапшылардың пікірінше, азық-түлік нарығының әлеуметтік маңыздылығына қарамастан, Қазақстан ауыл шаруашылығының дамуы үшін өндірістің рентабельділігі шешуші мәнге ие.
"ФАО және басқа да халықаралық ұйымдар талдаған халықаралық тәжірибе халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарының табысын мақсатты түрде қолдау азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кең көлемді баға реттеуінен гөрі тиімдірек құрал болуы мүмкін екенін көрсетеді", – деп атап өтті сарапшылар.
ФАО Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс тиімділігін арттыру бағытындағы күш-жігерін өңірлік және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне қосылған маңызды үлес ретінде бағалайды. Халықаралық ұйым Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторы экономикалық тиімділік пен әлеуметтік міндеттердің тепе-теңдігін сақтай отырып, серпінді дамып келе жатқанын атап өтті.
Кейінгі жылдары Қазақстан ФАО-мен әріптестігін ФАО–Қазақстан серіктестік бағдарламасы (ФКПП) арқылы нығайтты. Бағдарлама ұлттық сорттар мен тұқым шаруашылығы жүйелерін дамытуға, оның ішінде қазақстандық алма сорттарын қалпына келтіру және ілгерілетуге бағытталған. Сондай-ақ дәлме-дәл егіншілікті дамыту, шешім қабылдауды қолдайтын цифрлық құралдарды енгізу, жердің тозуына қарсы күрес сияқты бағыттарды қамтиды. Бұл бастамалардың маңызды ерекшелігі – олардың инвестициялық бағыттылығы, яғни жеке сектор мен халықаралық қаржы институттарының қатысуымен ауқымды жобаларды жүзеге асыруға дайындық жүргізіліп жатыр.
