Жануарларды тастағандарға 130 мың теңге айыппұл – Сенат

Самал Асқар 30 сәу. 2026 13:46

Астанада жануарларға қатысты заңнаманы күшейту және жаңа айыппұлдар енгізу мәселесі қаралды, деп хабарлайды Dala News.

«Жануарды баспанасыз қалдыру, яғни оны панажайға тапсырмай тастап кету үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Қарапайым тілмен айтқанда, біреу жануарды лақтырып кетсе, жеке тұлғаларға 30 АЕК (129 750 теңге), қайталанса 60 АЕК (259 500 теңге) айыппұл салынады. Лауазымды тұлғаларға 50 АЕК (216 250 теңге), қайталанса 100 АЕК (432 500 теңге). Заңды тұлғаларға 100 АЕК (432 500 теңге), қайталанса 200 АЕК (865 000 теңге) айыппұл қарастырылған», – деді ІІМ вице-министр Нұркен Шәрбиев сенат кулуарында.

Оның айтуынша, жануарларға қатыгездік үшін жауапкершілік те күшейтіледі.

«Әкімшілік кодекстің 47-бабы бойынша жануарларға қатыгездік жасау. Егер бұл қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін қамтымаса, жеке тұлғалар үшін айыппұл қазіргі 5 АЕК-тен 30 АЕК-ке (129 750 теңге), лауазымды тұлғалар үшін 10-нан 50 АЕК-ке (216 250 теңге) дейін өседі. Қайталанған жағдайда жеке тұлғалар үшін 20-дан 50 АЕК-ке (216 250 теңге), ал лауазымды тұлғалар үшін 40-тан 100 АЕК-ке (432 500 теңге) дейін ұлғаяды», – деді ол.

Сонымен қатар жануарларды ұстау, күтіп-бағу және серуендету талаптарын бұзғаны үшін де жауапкершілік күшейтіледі.

«Жеке тұлғалар үшін айыппұл 10-нан 15 АЕК-ке (64 875 теңге), лауазымды тұлғалар үшін 20-дан 30 АЕК-ке (129 750 теңге), заңды тұлғалар үшін 30-дан 40 АЕК-ке (173 000 теңге) дейін ұлғаяды», – деп нақтылады вице-министр.

Қазіргі таңда бұл өзгерістер Мәжілісте қаралып жатыр.

Сонымен бірге Сенатта жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға енгізілген түзетулер де талқыланды. Құжат жұмыс тобының бес отырысында қаралып, 300-ден астам азаматтың өтініші түскен. Талқылауға сенаторлар, мемлекеттік органдар, зооқорғаушылар мен қоғам өкілдері қатысқан.

Сенаторлар қараусыз жануарлар мәселесіне қатысты алаңдаушылық жоғары екенін атап өтті. Аймақтардан да көптеген шағым түскен.

Экологиялық «Таза Қазақстан» акциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселенің адам жауапкершілігінің төмендігінен туындайтынын айтып, талаптарды күшейтуді тапсырған.

Сенат бірқатар маңызды түзетулер ұсынды. Атап айтқанда, қаңғыбас жануарлар санын реттеу тәртібі мен мерзімін әр өңірдің мәслихаттары өздері анықтауы ұсынылды.

Бұған дейін Мәжіліс қабылдаған нұсқада панажайға түскен жануарларды бес күннен кейін эвтаназия жасау қарастырылған болатын.

Сенаторлар бұл тәсілден бас тартуды ұсынды және эвтаназияны жануарлар санын реттеу құралы ретінде қолданбау керек екенін атап өтті.

«Бұл кездейсоқ емес. Біз бүгін тек заң нормаларын ғана емес, жануарлар санын реттеу мәселесін де талқылап отырған жоқпыз. Біз адамгершілік, жауапкершілік және қандай қоғам құрып жатқанымыз туралы айтып отырмыз», – деді сенатор Арман Өтеғұлов.

Оның сөзінше, қаңғыбас жануарлардың көбеюінің басты себебі – иелерінің жауапсыздығы.

«Жоғалған, тасталған, бақылаусыз көбейген үй жануарлары көшелерді толтырып жатыр. Нақты бақылау мен жауапкершілік болмайынша, бұл мәселе қайта-қайта қайталана береді. Қоғам өз ұстанымын анық білдірді: қатыгез және формалды шаралар қабылданбайды. Адамдар бей-жай шешімдерді емес, ойланып қабылданған, теңгерімді және гуманистік тәсілді талап етеді», – деді ол.

Сенатор эвтаназия тек ерекше жағдайларда ғана қолданылуы тиіс екенін атап өтті.

«Қоғам назарын ең сезімтал мәселе – жануарларды эвтаназиялау мәселесі аударып отыр. Алайда эвтаназия – санды реттеу тәсілі емес, ең соңғы шара. Ол тек ерекше жағдайларда, жануардың созылмалы ауруы болып, өмір сапасы нашарлаған кезде, ветеринар дәрігердің қорытындысы негізінде ғана қолданылуы мүмкін», – деді ол.

Заң жобасында жануарларды міндетті түрде чиптеу ұсынылған. Бұл оларды тіркеу мен бақылауды күшейтуге бағытталған.

Сондай-ақ жануарларды көбейту мен сатуға қатысты талаптар да күшейтіледі. Енді оларды беру немесе сату тек тіркеу болған жағдайда ғана мүмкін болады.

Сенат ұсынылған түзетулерді ескере отырып, заң жобасын Мәжіліске қайтаруды ұсынды.

«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, комитет заң жобасының жекелеген баптарын қолдамауды және оларды жаңа редакцияда қарау үшін Мәжіліске қайтаруды ұсынады», – деп қорытындылады Арман Өтеғұлов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove