Freedom Inside '26

Тоқаевқа «Самұрық-Қазынаның» жаңа жобалары таныстырылды

Тоқаевқа «Самұрық-Қазынаның» жаңа жобалары таныстырылды
Akorda.Kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кездесу барысында Мемлекет басшысына қордың биылғы бес айдағы жұмысының қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған даму жоспары таныстырылды.

Нұрлан Жақыповтың мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» активтерінің көлемі 88 млрд долларға жеткен.

Сондай-ақ қор аясында жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалар туралы ақпарат берілді. Биыл жалпы құны 3,3 трлн теңгені құрайтын 16 жобаны іске асыру жоспарланған.

Олардың қатарында Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы, Қашағандағы газ өңдеу зауыты, Алматыдағы екінші жылу электр орталығын жаңғырту, гибридті электр станциясын салу және Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобалары бар.

Қор басшысы бұл жобалар көлік, энергетика және цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын айтты.

Кездесуде әлеуметтік бастамалар да сөз болды. Жақыповтың айтуынша, қор жобалары жыл сайын шамамен 1 миллион қазақстандықты қамтиды.

Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында ел бойынша 5 миллион көшет отырғызу жоспарланған. Ал 2024–2025 жылдары 5,8 миллион ағаш егілген.

Сондай-ақ 2023–2026 жылдар аралығында жалпы құны 856 млрд теңгеден асатын 100-ден астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылғаны айтылды.

Кездесуде цифрлық технологияларды дамыту мәселесі де көтерілді. Нұрлан Жақыпов биыл қазан айында Қосшы қаласында NVIDIA B300 платформасы негізіндегі жаңа суперкомпьютер іске қосылатынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, жаңа кластер пайдалануға берілгеннен кейін «Қазақтелеком» компаниясының есептеу қуаты төрт есеге артады. Бұл жасанды интеллект, деректерді өңдеу және жоғары өнімді есептеулер саласындағы мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.

Кездесу қорытындысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорға негізгі инвестициялық жобаларды уақытылы әрі сапалы іске асыру бойынша бірқатар тапсырма берді.