Мұнайлы ауданында халық емін жүргізу кезінде науқастың өліміне қатысты іс бойынша үкім қайта қаралды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Lada.kz мәліметінше, апелляциялық сот алқасы бұған дейінгі үкімді тым қатаң деп танып, жазаны жеңілдеткен.
Іс материалдарына сәйкес, 19 наурызда Мұнайлы аудандық соты жергілікті тұрғын Б.-ны Қылмыстық кодекстің 104-бабы 1-бөлігі (абайсызда адам өліміне әкеп соғу) бойынша кінәлі деп таныған. 49 жастағы әйел Ақтаудағы №1 қалалық емханада медбике болып жұмыс істеген және арнайы білімі мен лицензиясы болмағанына қарамастан, үйінде «халық емі» қызметін көрсеткен.
Сот дерегінше, 2025 жылғы 26 қарашада кешкі уақытта ол Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау ауылындағы үйінде келушіні «емдеу» барысында оның мойнын қолымен қысып, салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмған.
Бірінші сатыдағы сот оған 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда кәмелетке толмаған баласы бар екені ескеріліп, жаза өтеу кейінге қалдырылған.
Үкіммен келіспеген қорғаушылар апелляциялық шағым түсірген. Олар сотталушының кінәсін толық мойындағанын және жәбірленуші тараптың кешірім бергенін алға тартып, жазаны жеңілдетуді сұраған.
Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы істі қарап, жеңілдететін мән-жайлар толық ескерілмеген деген қорытындыға келген. Сонымен қатар бұл қылмыс ауыр емес санатқа жататыны және бап санкциясы балама жазаларды қарастыратыны атап өтілді.
Нәтижесінде апелляциялық инстанция үкімді өзгертіп, әйелге 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Оған пробациялық бақылау белгіленіп, тұрғылықты жері мен жұмысын рұқсатсыз өзгертуге, ойын-сауық орындарына баруға, алкоголь қолданылатын жерлерде болуға және түнгі уақытта (22:00-ден 06:00-ге дейін) үйден шығуға тыйым салынды.
Сондай-ақ сот оған емшілікпен айналысуға тыйым салды.
