Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтауы мүмкін

Самал Асқар 05 нау. 2026 17:30

Қазақстан Ұлттық банкі 6 наурызда базалық мөлшерлемені жылдық 18% деңгейінде өзгеріссіз қалдыруы мүмкін, деп хабарлайды Dala news.

Reuters агенттігі сауалнама жүргізген тоғыз сарапшының барлығы да реттеуші мөлшерлемені қазіргі деңгейде сақтайды деген пікірде.

Еске салайық, 2025 жылдың қазан айында инфляцияның жеделдеуіне байланысты Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5%-дан 18%-ға дейін көтерген болатын. 2026 жылдың қаңтарында реттеуші бұл көрсеткішті өзгеріссіз қалдырып, мөлшерлеме бірінші жартыжылдықтың соңына дейін осы деңгейде сақталуы ықтимал екенін мәлімдеген.

Ұлттық статистика деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстандағы инфляция 12,3%-ға дейін жеделдеді. Ал 2026 жылға арналған болжам 9,5–12,5% аралығында. Ақпанда айлық инфляция 1,1% болып, қаңтардағы 1,0%-дан жоғарылады.

Еуразиялық даму банкінің елдік талдау орталығының жетекшісі Артур Шарафутдиновтің пікірінше, реттеуші инфляциялық күтулерді тұрақтандыру үшін мөлшерлемені қазіргі деңгейде сақтауы ықтимал.

Ал Halyk Finance сарапшылары қазіргі жағдайда базалық мөлшерлемені төмендетуге негіз жоқ екенін айтады. Олардың болжамынша, коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты инфляция жыл соңына қарай шамамен 10,5–11,5% деңгейінде болуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove