Қазақстан мен FAO: агроөнеркәсіп саласындағы стратегиялық әріптестік күшейіп келеді

Dalanews 05 нау. 2026 18:28

Әлемдік азық-түлік және ауыл шаруашылығы жүйелері климаттың жаһандық өзгерістері, табиғи ресурстардың шектеулілігі және нарықтағы тұрақсыздық секілді факторлардың қысымын барған сайын қатты сезініп отырған шақта Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы  -FAO өзара ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп келеді. Бұған дейін қалыптасқан әріптестік тәжірибесіне сүйене отырып, екі тарап енді азық-түлік қауіпсіздігі, тұрақты ауыл шаруашылығы және табиғи ресурстарды тиімді басқару бағытындағы ортақ мәселелерге жүйелі әрі болашаққа бағдарланған шешімдер іздеуге ден қойып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл үдерістің басты қозғаушы күші - жоғары деңгейдегі саяси диалог. Ынтымақтастықты жаңа белеске көтерген маңызды оқиғалардың бірі 2024 жылдың қаңтарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Римдегі ФАО штаб-пәтеріне жасаған сапары болды. Бұл кездесу екі тарап арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады. Кездесу барысында су қауіпсіздігі, Арал теңізі бассейніндегі жерлерді қалпына келтіру, сондай-ақ Орталық Азиядағы ФАО-ның институционалдық рөлін күшейту мәселелері кеңінен талқыланды.

Қазақстан тарапы сондай-ақ ФАО-ның сараптамалық қолдауын кеңейтуге қызығушылық білдіріп, тұқым шаруашылығы жүйесін жетілдіру, ауыл шаруашылығы жерлерінің тозуымен күресу, «жасыл» ауыл шаруашылығын дамыту, су мен жер ресурстарын тиімді әрі тұрақты пайдалану бағытындағы бірлескен жобаларды ілгерілетуге ниет танытты.

Бұл саяси келіссөздер нақты іс-шараларға 2025 жылдың мамыр айында ұласты. Сол кезде ФАО-ның бас директоры Цюй Дунъюй ұйымның жоғары басшылығымен бірге Қазақстанға сапар жасап, Астана халықаралық форумына қатысты. Сапар барысында Қазақстан Президенті мен Премьер-Министрімен өткен кездесулерде агроазық-түлік секторын цифрландыру, су ресурстарын тұрақты басқару және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық нарықтарға шығару мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар агроазық-түлік жүйелерінің тұрақтылығын күшейту, ғылыми зерттеулерге, инновацияларға және адами капиталға инвестиция салу қажеттілігі де ерекше атап өтілді. Бұл шаралар саланың ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Екіжақты ынтымақтастықпен қатар ФАО Орталық Азияға арналған кешенді субөңірлік бастаманы да ұсынды. Бұл бастама агроазық-түлік жүйелерін трансформациялау мен су ресурстарын басқаруды жетілдіруге бағытталған. Инициатива ұлттық басымдықтарға сүйене отырып, халықаралық қаржы институттары, климаттық қорлар және жеке сектордың инвестицияларын агроазық-түлік құн тізбегінің барлық буынына тартуды көздейді.

Қазақстан мен ФАО арасындағы ынтымақтастықтың негізгі тетіктерінің бірі — Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан ФАО–Қазақстан серіктестік бағдарламасы (ФКПП). Бұл бағдарлама агроазық-түлік секторында техникалық көмек көрсетуді жүйелеп, заманауи әрі кең ауқымда қолдануға болатын шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді.

Бағдарлама аясында агроазық-түлік секторындағы технологиялық деңгейді көтеруге, климаттық тәуекелдерге төзімділікті арттыруға және Қазақстанды өңірлік әрі жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі тізбектеріне тереңірек енгізуге бағытталған басым ұсыныстар пакеті әзірленді. Бұл ұсыныстар бұрын қол жеткізілген нәтижелерге сүйеніп, ФАО-ның халықаралық сараптамасы мен талдамалық құралдары ең жоғары нәтиже бере алатын салаларға шоғырланған.

Бағдарлама шеңберінде ұлттық сорттарды және тұқым шаруашылығы жүйелерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Оның ішінде қазақстандық алма сорттарын қалпына келтіру мен ілгерілету, дәлме-дәл егіншілік технологияларын енгізу, шешім қабылдауды қолдайтын цифрлық құралдарды дамыту сияқты бағыттар бар. Бұл бастамалар ауыл шаруашылығы саласындағы құрылымдық шектеулерді - жердің тозуы, климаттың өзгеруі, ғылыми зерттеулер мен фермерлік тәжірибе арасындағы алшақтық сияқты мәселелерді еңсеруге бағытталған.

Сонымен қатар бұл жобалар өндірістің өнімділігін арттыруға, ресурстарды тиімді пайдалануға және елдің экспорттық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл бастамалардың тағы бір маңызды ерекшелігі — олардың инвестициялық сипаты. Яғни болашақта жеке сектор мен халықаралық қаржы институттарының қатысуымен кең ауқымда жүзеге асыру көзделіп отыр. Мұндай жобалар конкурс негізінде іріктеліп, агроөнеркәсіп секторын басқаруда жүйелі тәсілге көшуге жол ашады.

ФАО–Қазақстан серіктестік бағдарламасынан бөлек, ұйым елімізде табиғи ресурстарды басқару, құрғақ және тұзданған ландшафтарды қалпына келтіру, агроорман-мелиорациялық жүйелерді дамыту, жайылымдарды тұрақты пайдалану, сондай-ақ «Бір денсаулық» тұжырымдамасы аясында бруцеллезбен күрес және биологиялық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы көптеген салалық жобаларды жүзеге асыруда.

Бұдан бөлек, пестицидтердің өмірлік циклін басқару, су ресурстарын тұрақты пайдалану, ішкі су айдындарындағы балық шаруашылығын және акваөсіру саласын дамыту, 2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына техникалық қолдау көрсету және мектептегі дұрыс тамақтану бағдарламаларын іске асыру да негізгі басымдықтардың қатарында.

Бұл жобалардың барлығы халықаралық сараптама мен ұлттық басымдықтарды ұштастыратын нәтижеге бағытталған ынтымақтастық моделін қалыптастырады. Мұндай тәсіл агроазық-түлік секторындағы көрсеткіштерді бағалап, оның даму бағытын айқындауға мүмкіндік беретін мықты аналитикалық әрі институционалдық негіз қалыптастырады.

ФАО бағалауынша, мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестициялық құралдардың жиынтық әсері Қазақстанға ішкі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, Орталық Азия мен көршілес өңірлер үшін маңызды азық-түлік жеткізушілерінің біріне айналуға мүмкіндік берді. Әсіресе астық экспорты бойынша Қазақстан өңірдегі негізгі ойыншылардың бірі саналады.

Соңғы жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетіп, экономиканың маңызды драйверлерінің біріне айналып отыр. Саланың дамуы өндіріс көлемінің ұлғаюынан байқалады: 2023–2025 жылдардағы негізгі дақылдардың орташа өндірісі алдыңғы үш жылмен салыстырғанда 13 пайызға артқан. Сонымен қатар экспорт көлемі де кеңейіп, алдын ала есеп бойынша 27 пайыздық өсім тіркелген.

Әртүрлі шаруашылық санаттары үшін жеңілдетілген қаржылық құралдарға қолжетімділіктің кеңеюі айналым қаражатына қажеттілікті қамтамасыз етіп қана қоймай, техника паркін жаңартуға және өндірістік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инвестицияларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Дүниежүзілік банк деректеріне сәйкес, ауыл шаруашылығындағы қосылған құн тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, 11 миллиард АҚШ долларынан асты. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылдағы орташа мәнмен салыстырғанда 8 пайыздық өсімді көрсетеді. Сонымен қатар саладағы еңбек өнімділігі де айтарлықтай артқан — қазіргі уақытта бір қызметкерге шаққандағы қосылған құн 10 мың доллардан асып отыр.

Дегенмен климаттың жаһандық жылынуы Қазақстан ауыл шаруашылығына қосымша қысым түсіруде. Ел аумағындағы температураның өсу қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары. Соның салдарынан құрғақшылық, су тасқыны және шөлейттену сияқты климаттық құбылыстар жиілеп, су ресурстарының қолжетімділігі азайып келеді. Бұл факторлар ауыл шаруашылығы өнімділігі мен ауыл халқының табысына әсер етуде.

Сонымен бірге климаттық өзгерістер кейбір өңірлер үшін жаңа мүмкіндіктер де ашуы мүмкін. Мәселен, Қазақстандағы 184 миллион гектар жайылымдық жерді халықаралық көміртекті ауыл шаруашылығы жүйелеріне интеграциялау арқылы ауылдық өндіріс үшін ұзақ мерзімді қаржыландыру тартуға мүмкіндік бар.

Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін Қазақстанға климаттық өзгерістерге бейімделуге бағытталған инвестицияларды көбейту қажет. Су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, жерді қалпына келтіру, жайылымдарды тиімді басқару және ауыл шаруашылығын әртараптандыру — осы бағыттағы негізгі міндеттердің бірі.

Бүгінде Қазақстан әлемдік астық нарығында берік орынға ие. Ел әлемдегі ірі бидай экспорттаушылардың қатарында және арпа, зығыр, сондай-ақ кейбір бұршақ дақылдары бойынша да маңызды позицияға ие. Экспорт көлемі өнімділік пен нарықтық жағдайға байланысты өзгеріп отырғанымен, жалпы экспорттық әлеует жоғары күйінде қалып отыр.

ФАО сарапшылары Қазақстанның шикізат экспорты мен қайта өңделген өнім өндірісінің арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған прагматикалық тәсілін де атап өтеді. Кейбір сегменттерде, әсіресе астық саласында, нарықтық стратегия логистика мен сақтау мерзімі сияқты экономикалық факторларға байланысты қалыптасады. Сонымен қатар майлы дақылдар секілді салаларда өңдеу инфрақұрылымы дамып, қосылған құнды арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Қазақстанның мал шаруашылығы саласы да зор әлеуетке ие. Елдегі жайылымдардың жалпы аумағы 184 миллион гектарды құрайды, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде төртінші орында тұр. Мұндай табиғи ресурс өндіріс шығындарын азайтып, агротуризмді дамытуға және биоалуантүрлілікті сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар елдің қатаң континенттік климаты жануарлар арасындағы кейбір аурулардың таралуын шектейтін табиғи фактор ретінде де қызмет етеді.

Ветеринарлық бақылау мен өнімнің шығу тегін бақылау жүйелері де агроазық-түлік секторындағы бәсекеге қабілеттіліктің маңызды шарттарының бірі. Жануарлар аурулары бойынша қолайлы мәртебені кеңейту, ветеринарлық инфрақұрылымды жаңғырту және цифрлық технологияларды енгізу халықаралық сауда серіктестерінің сенімін арттырып, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтеді.

ФАО сарапшылары ауыл шаруашылығы өндірісінің рентабельділігін қамтамасыз ету де аса маңызды екенін атап өтеді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарының табысын мақсатты түрде қолдау азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кең ауқымды баға реттеуіне қарағанда тиімдірек құрал болуы мүмкін.

Жалпы алғанда, Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторы экономикалық тиімділік пен әлеуметтік жауапкершіліктің үйлесімді тепе-теңдігін сақтай отырып дамып келеді. Өнімділікті арттыру, қайта өңдеу саласын дамыту, экспорттық әлеуетті күшейту және институционалдық жүйелерді нығайту — агроазық-түлік секторын одан әрі ілгерілетудің басты алғышарттары.

Алдағы кезеңге көз жүгіртсек, Қазақстан мен ФАО арасындағы ынтымақтастық кешенді әрі ұзақ мерзімді бастамаларға бағытталмақ. Соның бірі — Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп әзірленіп жатқан жаңа серіктестік бағдарламасы. Бағдарлама су ресурстарын тиімді басқаруды жетілдіруге, ирригациялық жүйелерді цифрландыруға және су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталады.

Су тапшылығының күшеюі жағдайында, әсіресе Арал теңізі бассейнінде, су ресурстарын басқару агроазық-түлік жүйесінің тұрақты дамуының басты факторына айналып отыр.

Өңірлік деңгейде Қазақстан мен ФАО-ның ынтымақтастығы «Орталық Азияның астық себеті» бастамасы аясында жүзеге асуда. Бұл жоба Қазақстанды өңірдегі астық өндірісі мен экспортының негізгі орталығы ретінде қарастырады. Ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, сақтау және логистика жүйелерін жетілдіру арқылы Қазақстан көрші елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де үлес қосып келеді.

Алдағы жылдары бұл ынтымақтастық жаңа өңірлік шаралармен нығая түспек. Соның ішінде 2026 жылдың мамырында Душанбе қаласында өтетін ФАО-ның Еуропа мен Орталық Азияға арналған аймақтық конференциясы және 2026 жылғы сәуірде Астанада ұйымдастырылатын өңірлік экологиялық саммит бар.

Орталық Азия елдерінің ауыл шаруашылығы министрлері мен халықаралық серіктестердің қатысуы инвестициялық бастамаларды үйлестіруге, сондай-ақ су, климат және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша ортақ шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Осының бәрі Қазақстан мен ФАО-ның Орталық Азияда тұрақты агроазық-түлік жүйелерін дамыту жолындағы негізгі серіктестердің біріне айналып отырғанын көрсетеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove