Алматыда медициналық жабдықтарды пайдалану кезінде өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы өрескел заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Dala News.
Тексеруді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменті жүргізген. Жоспардан тыс бақылау нәтижесінде «Орталық қалалық клиникалық аурухана» ШЖҚ КМК қызметінде бірқатар талаптардың сақталмағаны белгілі болды.
Атап айтқанда, 2026 жылғы 11 ақпанға дейін медициналық мекемеде 106 пациент мониторингі модулі міндетті рәсімдерден өтпей пайдаланылған. Бұл жабдықтар типін бекітусіз немесе метрологиялық аттестациясыз қолданылған, мемлекеттік реестрде тіркелмеген және міндетті тексеруден өтпеген. Соған қарамастан, олар пациенттерге медициналық көмек көрсету кезінде қолданылған.
Аталған құрылғылар пациенттердің өмірлік маңызды көрсеткіштерін бақылауға арналған. Олардың қатарында жүрек соғу жиілігі, артериялық қысым, қандағы оттегі деңгейі, электрокардиограмма және дене температурасы бар. Мұндай жабдықтарды өлшеу дәлдігі расталмай қолдану клиникалық шешім қабылдауға тікелей әсер етіп, пациенттердің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Тексеру барысында медициналық ұйым Қазақстан Республикасының «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заңының 17 және 19-баптарының талаптарын бұзғаны анықталды. Барлық фактілер тексеру материалдарымен расталған.
Нәтижесінде мекемеге анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы міндетті нұсқама берілді. Жабдықтарды пайдалану заң талаптарына толық сәйкестендірілуі тиіс.
Жіберілген бұзушылықтар үшін медициналық ұйым Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 419-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Айыппұл мөлшері 600 АЕК, яғни 2 595 000 теңгені құрап, белгіленген тәртіпте төленген.
Департамент өкілдері метрологиялық бақылау талаптарын сақтау міндетті екенін атап өтті. Олардың айтуынша, бұл талаптар пациенттердің қауіпсіздігімен тікелей байланысты, сондықтан белгіленген нормалардан кез келген ауытқуға жол берілмейді.
