Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлер саны күрт өсті

Самал Асқар 05 нау. 2026 16:21

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатын субъектілер саны айтарлықтай артты, деп хабарлайды Dala news.
 
2025 жылдың 31 желтоқсаны бойынша бекітілген Реестрге 1431 әлеуметтік кәсіпкер енгізілді.
 
Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылдың қорытындысы бойынша тізімде 835 кәсіпорын болған. Осылайша, бір жыл ішінде әлеуметтік кәсіпкерлер саны едәуір көбейген.
 
Реестр деректеріне сәйкес, әлеуметтік кәсіпкерлердің басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Алматы және Абай облыстарында шоғырланған.
 
Қызмет түрлері бойынша олардың шамамен:
•60%-ы білім беру саласында,
•20%-ы әлеуметтік қызмет көрсету саласында,
•10%-ы денсаулық сақтау саласында,
•10%-ы басқа бағыттарда жұмыс істейді.
 
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізімін қалыптастыру мен жүргізуді жергілікті атқарушы органдар ұсынған мәліметтер негізінде министрлік жүзеге асырады. Өтінімдер алдымен арнайы комиссияда қаралады.
 
Комиссияның негізгі міндеті – әлеуметтік кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды (ірі бизнесті қоспағанда) Реестрге енгізу бойынша ұсыныс беру.
 
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Реестр жыл сайын 1 наурызға дейін, өткен жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша бекітіледі.
 
Айта кетейік, Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерліктің құқықтық негізі 2021 жылы қалыптасты. Сол кезде заңнамалық деңгейде «әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымы енгізілді. Бұл – қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған кәсіпкерлік қызмет.
 
Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтар құрған кәсіпорындар немесе ерекше қажеттілігі бар адамдар мен әлеуметтік осал топ өкілдерін жұмыспен қамтитын бизнес те әлеуметтік кәсіпкерлік санатына жатады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove