Әзербайжан Ираннан дрон шабуылына қатысты түсініктеме талап етті. Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, 5 наурызда түске таман Нахичеван аумағына Иран жағынан ұшырылған ұшқышсыз аппараттар түскен. Дрондардың бірі Нахичеван әуежайының терминал ғимаратына құлаған, ал екіншісі Шекерабад ауылындағы мектеп маңына түскен.
Оқиға салдарынан әуежай ғимаратына зақым келген, екі бейбіт тұрғын жарақат алған.
Әзербайжан тарапы бұл әрекетті халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарына қайшы деп бағалап, аймақтағы жағдайды ушықтыруы мүмкін екенін мәлімдеді. Баку Ираннан оқиғаға байланысты шұғыл түсініктеме беріп, мұндай жағдай қайталанбауы үшін қажет шара қабылдауды талап етті.
Еске салайық, бұған дейін Ираннан ұшып шыққан дрон Әзербайжандағы әуежайдың біріне түсіп, жарылғаны хабарланды.
