Иранға тиесілі ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) Нахичевань маңындағы әуежай аумағына құлаған. Бұл туралы Әзербайжанның Trend және APA агенттіктері мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
APA агенттігінің мәліметінше, Иран дроны Нахичевань маңындағы әуежай аумағына құлаған. Сонымен қатар тағы бірнеше ұшқышсыз аппараттың басқа жерлерге де құлағаны туралы ақпарат тараған.
Әзербайжанның ресми ведомстволары әзірге тұрғындар мен әуежай қызметкерлері арасында зардап шеккендер бар-жоғы туралы мәлімет жариялаған жоқ. Сондай-ақ дронның нақты түрі мен оның қандай мақсатпен ұшырылғаны анықталып жатыр.
Бұл оқиға аймақтағы геосаяси жағдайдың күрт шиеленіскен кезеңінде болды. Соңғы уақытта Таяу Шығыстағы ахуал ушығып тұрғаны белгілі.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Иран тарапынан аймақтағы бірнеше елдің бағытына жаппай дрон ұшыру фактілері тіркелген. Олардың қатарында Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Кувейт те бар.
Әзербайжан аумағына ирандық дронның құлауы – Таяу Шығыстағы соңғы шиеленіс басталғалы бері тіркелген алғашқы жағдай.
