8 наурыз қарсаңында алаяқтар белсенді: прокуратура ескерту жасады

Самал Асқар 05 нау. 2026 17:07

8 наурыз мерекесі қарсаңында алаяқтар азаматтардың гүл мен сыйлыққа тапсырыс беру белсенділігін пайдаланып, түрлі айламен ақша мен жеке деректерді иемденуге тырысуда, деп хабарлайды Dala news.
 
Бас прокуратураның мәліметінше, мереке күндері алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып немесе хабарлама жіберіп, әртүрлі сылтаумен SMS-кодты айтуды сұрайды.
 
Ең жиі кездесетін алаяқтық схемалар:
•гүл немесе сыйлық жеткізу рәсімделгені туралы хабарлап, «тапсырысты растау үшін» SMS-код сұрау
•жалған ұтыс, бонус немесе акция туралы айтып, телефонға келген растау кодын талап ету
•өзін банк қызметкері, қауіпсіздік қызметі немесе курьерлік компания өкілі ретінде таныстыру.
 
Мамандардың айтуынша, бір реттік SMS-код – қаржылық операцияларды растауға арналған құпия дерек. Мұндай кодты үшінші тұлғаларға беру банктік шоттан ақша шешіп алуға, несие рәсімдеуге немесе мобильді банкингке қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін.
 
Прокуратура банк қызметкерлері де, құқық қорғау органдары да ешқашан телефон арқылы SMS-код, пароль немесе банк картасының деректерін сұрамайтынын ескертеді.
 
Сондай-ақ мереке қарсаңында алаяқтар Instagram мен TikTok желілерінде жалған дүкендер ашып, гүл мен сыйлықтарды өте арзан бағамен ұсынып, алдын ала төлем талап етеді. Ақша аударылғаннан кейін мұндай парақшалар жоғалып кетеді.
 
Азаматтарға гүл мен сыйлықтарды тек сенімді сатушылардан сатып алып, күмәнді сілтемелерге өтпеу, төлем алдында реквизиттерді мұқият тексеру және ешқашан SMS-код пен банк деректерін бөгде адамдарға бермеу ұсынылады.
 
Күмән туындаған жағдайда банкке ресми нөмір арқылы хабарласып, қажет болса құқық қорғау органдарына жүгіну керек.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove