Қазақстанда құрылыс компанияларына қосылған құн салығының (ҚҚС) 16%-дық мөлшерлемесін енгізу баспана бағасының өсуіне әкелуі мүмкін. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Азамат Әмриннің айтуынша, қазіргі уақытта инфрақұрылымдық алым мәселесі талқылануда, бірақ бұл жөнінде түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Дегенмен, вице-министр ҚҚС енгізудің дұрыс қадам болатынына сенімді.
“Неліктен ҚҚС салу керек екенін түсіндірейін. 2023 жылы елдің ЖІӨ 135 трлн теңге болды. Оның 17,5%-ы – көлеңкелі экономика. Бұл ресми статистика, оған сүйенуіміз керек. Яғни, 135 трлн теңгенің 20 трлн теңгесі көлеңкелі экономиканың үлесі. Оның құрылымына келсек, алғашқы бестікке көтерме және бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы, құрылыс, денсаулық сақтау және білім беру салалары кіреді”, – деді Әмрин Мәжіліс кулуарында.
Вице-министрдің сөзінше, қазіргі таңда құрылысшылар құрылыс материалдарын ҚҚС-сыз сатып алады. Алайда жаңа ереже бойынша, 16% ҚҚС төлеген жағдайда, құрылыс компаниялары өз жеткізушілерін “көлеңкеден шығарып”, салық төлеуге ынталандыруға мәжбүр болады.
“Егер құрылысшы ҚҚС-ты есепке ала отырып, сатып алушыларды заңдастырмаса, бұл айналым салығы болады. Сол себепті ол жеткізушілерін көлеңкеден шығарады”, – деп түсіндірді Азамат Әмрин.
Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша, жаңа салықтық реформа инфляция деңгейін шамамен 3%-ға арттыруы мүмкін.
“Бағаның өсуі, әрине, болады, біз мұны түсінеміз. Әсіресе, азық-түлік емес тауарлардың бағасы қымбаттайды”, – деп қорытындылады вице-министр.
Сарапшылардың пікірінше, ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі құрылыс компаниялары үшін қосымша жүктеме болады. Бұл жүктеме, сайып келгенде, пәтер бағасының өсуіне әкелуі мүмкін. Дегенмен, мемлекеттік органдар салық реформасының негізгі мақсаты экономиканы көлеңкеден шығару және салық түсімдерін арттыру екенін алға тартады.