Арыс қаласындағы ауруханада төрт жасар баланың қазасынан кейін қызметтік тексеру басталды. Баланың ата-анасы дәрігерлерді салғырттықпен әрекет етті деп айыптап отыр деп хабарлайды Dalanews.kz Жетінші арнаға сілтеме жасап.
Реанимацияда кішкентай бала бір апта жатты. Ата-анасының айтуынша, ол ауруханада медициналық көмекті ұзақ уақыт күткен соң комаға түскен. Олар ұлын түнгі сағат үштен кейін әкелгенін, ал дәрігер оны тек таңғы 9-да қарап, медбике алты сағат бойы кезекші дәрігерді шақыра алмағанын айтты.
«Бізге: «Жұмаға дейін күтейік, мүмкін дәрі-дәрмектен кейін жағдайы жақсарар» деді. Бірақ менің ұлым сол уақытқа жетпей кетті… Біз кезекші дәрігерден сұраймыз: «Неге келмедің, баланы қарамадың? Алты сағат қалай ұйықтадың?» – деп, ал ол үндемей тұрды. Егер көмек уақытында көрсетілсе, менің ұлым қазір тірі болар еді. Біз істің мұқият тергелуін талап етеміз, кінәлілер жазалануы тиіс», – деді баланың анасы.
Телеканалдың мәліметінше, қазіргі уақытта ауруханада қызметтік тексеру жүргізілуде. Полиция әзірге осы трагедиялық оқиғаға қатысты пікір білдірген жоқ.
