Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерге қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот оны ірі мөлшерде мүлік алу мақсатында қорқытып алушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Сот материалдарына сәйкес, сотталушы 2025 жылдың қазан айында әлеуметтік желіде Шымкент қаласы әкімдігінің беделіне нұқсан келтіретін жазба жариялаған. Кейін әкімдік өкілімен кездесуде 10 млн теңгеге ақпараттық мемлекеттік тапсырыс шарты жасалуын талап еткен.
Егер бұл талап орындалмаса, ол әкімдікті масқаралайтын жазбаларды өз парақшасында жариялайтынын айтып қорқытқан.
2025 жылғы 6 қарашада сотталушы 990 мың теңгені анасының банктік есепшотына аударту арқылы алған.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін ішінара мойындап, өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сот оның шын өкінуін, асырауында бес кәмелетке толмаған баласының болуын және келтірілген залалдың өтелуін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын жағдайлар анықталмаған.
Сот үкімімен блогер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ осы мерзімге бұқаралық ақпарат құралдары саласында қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
