Прокуратура бекіре балығы мен уылдырық сатып алушыларға ескерту жасады

Ақтоты Жапатова 25 сәу. 2026 11:40

Атырау облысы прокуратурасы бекіре тұқымдас балық пен уылдырықты заңсыз сатып алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті, деп хабарлайды Dalanews.kz

Ведомство мәліметінше, заңсыз ауланған балық өнімдеріне сұраныс браконьерлікті күшейтіп отыр. 2025 жылы өңірде экология саласында 30 құқық бұзушылық тіркелген. Оның 11 қылмыстық ісі сотқа жолданып, 10 адамға айыптау үкімі шыққан.

Прокуратура Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339 және 339-1-баптарына сәйкес, тек браконьерлер ғана емес, сирек жануарларды немесе олардың өнімдерін заңсыз сатып алатын, сақтайтын, тасымалдайтын және сататын азаматтар да жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.

Мысал ретінде биыл Атырау тұрғыны сотталған. Оның көлігін тінту кезінде 501,9 келі бекіре балығы табылған. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырып, 304 млн теңгеден астам шығын өндіруді міндеттеді.

Прокуратура тұрғындарды шығу тегі күмәнді балық пен уылдырықты сатып алмауға шақырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove