Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы Ормуз бұғазы маңында рұқсатсыз өтпек болған екі контейнерлік кемені қолға түсірді, деп хабарлайды Dalanews.kz Press TV телеарнасына сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, ұсталған кемелер — MSC-Francesca және Epaminondas. Иран тарапының мәлімдеуінше, Epaminondas кемесі АҚШ әскери құрылымдарымен байланыста болуы мүмкін, ал MSC-Francesca Израильмен байланысы бар деген күдікке ілінген.
Ирандық БАҚ дерегінше, кемелер жүктері мен құжаттарын тексеру үшін елдің аумақтық суларына жеткізілген.
Хабарламада Epaminondas кемесінің Либерия туы астында жүзіп, Үндістандағы Мундра портына бағыт алғаны айтылған. Сондай-ақ 2024–2026 жылдары кеме АҚШ-тың 11 портында 36 рет аялдап, шамамен 299 мың тонна жүк түсіргені көрсетілген.
Еске салайық, 13 сәуірде АҚШ әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазы арқылы Иран порттарына кіріп-шығатын теңіз қозғалысын бақылауға алған болатын.
Айта кетейік, әлемдегі мұнай, мұнай өнімдері мен сұйытылған газдың шамамен 20 пайызы дәл осы Ормуз бұғазы арқылы тасымалданады. АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс күшейген тұста бұл аймақтағы жағдай халықаралық қауымдастық назарында қалып отыр.
