Қазақстанда зейнетақы жүйесін реформалау бойынша жаңа тәсілдер әзірленіп жатыр, алайда зейнетке шығу жасын өзгерту жоспарланбаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Сенат кулуарында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
«Бізде демографиялық құрылым өзгеріп жатыр, өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Сондықтан зейнетақы жүйесін жаңа жағдайларға бейімдеу қажет. Осыған байланысты Еңбек министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Қыркүйек айына қарай зейнетақы жүйесін реформалауға қатысты жаңа тұжырымдамалық тәсілдерді ұсынамыз деп үміттенеміз», – деді Сүлейменов.
Сонымен қатар Ұлттық банк басшысы реформа аясында зейнетке шығу жасын көтеру қарастырылмайтынын атап өтті.
«Зейнетке шығу жасын өзгерту жоспарланып отырған жоқ. Белгілі бір тәсілдер қайта қаралады. Өз тарапымыздан зейнетақы қорының табыстылығын арттыруға бағытталған бірқатар шараларды қабылдауды жоспарлап отырмыз. Бұл зейнетке шыққан кезде табысты алмастыру коэффициентін жоғарылатуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры соңғы 12 айда (2025 жылдың наурызынан 2026 жылдың ақпанына дейін) Ұлттық банк қазақстандықтардың зейнетақы активтерін басқару арқылы шамамен 2,66 трлн теңге табыс тапқанын хабарлаған.
Алайда осы кезеңдегі табыстылық 11,39 пайызды құрап, 11,7 пайыздық инфляция деңгейін әрең жапқан.