Қазақстанда жол апатының саны әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. 2026 жылғы қаңтар-мамыр аралығында 12,2 мың жол апаты тіркелген. Бұл былтырғы көрсеткішпен шамалас, деп хабарлайды dalanews.kz energyprom.kz-ке сілтеп.
Соған қарамастан, жол апаттарынан қаза тапқандар саны азайған. Биылғы бес айда елімізде 600 адам жол апатынан көз жұмған. Былтыр осы кезеңде 740 адам, ал 2024 жылы 767 адам қайтыс болған.
Жарақат алғандар саны да біршама төмендеген. 2025 жылы қаңтар-мамыр аралығында 16,6 мың адам зардап шексе, биыл бұл көрсеткіш 16,1 мың адамға дейін азайған.
Өңірлер арасында жол апаттарының ең көбі Алматы қаласында тіркелген. Мегаполисте бес ай ішінде 3 мың жол апаты болған. Бұл – республикадағы барлық апаттың төрттен біріне жуық көрсеткіш. Одан кейін Алматы облысы (1,2 мың жағдай) мен Астана қаласы (964 жағдай) тұр. Ал ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелген: 82 оқиға.
Сарапшылар Алматыдағы жоғары көрсеткішті қала халқының көптігімен және көлік қозғалысының қарқындылығымен байланыстырады. Қалада тіркелген көліктер саны да республика бойынша ең жоғары деңгейде.
Жарақат алғандар саны бойынша да Алматы көш бастап тұр. Мұнда жол апаттарынан 3,2 мың адам зардап шеккен. Алматы облысында 1,8 мың адам, Астанада 1,1 мың адам және Жамбыл облысында 1 мың адам жарақат алған.
Ал адам өліміне қатысты жағдай өзгеше. Қаза тапқандар саны бойынша Түркістан облысы бірінші орында тұр. Өңірде бес ай ішінде жол апаттарынан 100 адам көз жұмған. Алматы облысында 84 адам, Жамбыл облысында 58 адам қайтыс болған.
Жол апаты ең көп тіркелген Алматы қаласында 22 адам, ал Астанада 11 адам қаза тапқан.
Адам өліміне әкелген жол апаттарының ең көбі Түркістан облысында тіркелді: 76 жағдай. Алматы облысында 71, Жамбыл облысында 48 оқиға болған. Жалпы мұндай апаттардың 42,1 пайызы осы үш өңірдің үлесіне тиесілі.