Мәскеу 18 маусымға қараған түні соғыс басталғалы бергі ең ауқымды ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына тап болды. Ресей астанасының мэрі Сергей Собяниннің мәліметінше, қалаға қарай бағытталған 180-нен астам дрон атып түсірілген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшылардың пікірінше, бұл шабуыл Украина қарулы күштерінің Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін айналып өту мүмкіндігі артқанын көрсетеді.
Мәскеу мұнай өңдеу зауыты тағы да нысанаға алынды
Шабуылдың негізгі нысандарының бірі Мәскеу облысындағы Капотня ауданында орналасқан мұнай өңдеу зауыты болды. Astra басылымы мен украиналық мониторингтік арналар жариялаған видеоларда кәсіпорын аумағында бірнеше өрт ошағы байқалған. Exilenova+ арнасы зауыт аумағында жеті өрт ошағы тіркелгенін хабарлады. Сергей Собянин де бірнеше дронның зауытқа жеткенін растады.
Еске салсақ, екі күн бұрын дәл осы кәсіпорынға жасалған шабуылдан кейін зауыт жұмысы уақытша тоқтатылған болатын.
Тұрғын үйлер мен нысандар зардап шекті
Шабуыл салдарынан Мәскеу облысындағы бірнеше тұрғын және өндірістік нысанға зақым келген. Атап айтқанда, Новые Котельники ауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің жоғарғы қабаттары бүлінген. Сондай-ақ Жуковский қаласындағы тұрғын үйге, Чеховтағы жеке үйге, Электросталь қаласындағы баспанаға дрон сынықтары түскені хабарланды. Люберцы қаласында фитнес-орталық пен өндірістік нысан зақымданса, Павловский Посад ауданында екі саяжай өртенген. Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің айтуынша, кей жерлерде автокөліктер де өртенген.
Әуежайлар жұмысы шектелді
Шабуыл кезінде Мәскеудегі барлық негізгі әуежайлардың жұмысына уақытша шектеу енгізілді. Алдымен «Внуково» әуежайында шектеулер қойылып, кейін барлық әуежайлар жабылды. Шектеулер таңғы сағат сегізден кейін ғана алынды.
Бұдан бөлек, «Шереметьево» әуежайында жолаушылар эвакуацияланған. Кейбір адамдар ұшақтардың өзінен шығарылған.
Қалада қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Шабуыл кезінде Мәскеу мұнай өңдеу зауыты маңындағы бірнеше көше жабылды. Сонымен қатар Мәскеу айналма жолының бір бөлігі уақытша көлік қозғалысына жабылған. Әлеуметтік желілерде жарияланған фотосуреттерде Қызыл алаң мен Кремль маңында күшейтілген күзет қойылғаны байқалады. Кадрларда Кремль қабырғалары мен мұнараларында пулеметпен қаруланған әскери қызметкерлер көрінеді.
Бұған дейінгі шабуылдардан ауқымды болды
Ресей билігінің мәліметінше, бұған дейін Мәскеуге жасалған ең ірі шабуыл 2025 жылғы 11 наурызда тіркелген. Ол кезде астанаға қарай ұшқан 74 дрон атып түсірілген еді. Сондай-ақ биыл наурыз айында төрт күн ішінде 310 дрон шабуылы тіркелсе, мамырда қалаға 120-дан астам ұшқышсыз аппарат шабуыл жасаған.
Алайда соңғы шабуыл атып түсірілген дрондар саны бойынша рекордтық көрсеткішке жетті.