Жамбыл облысында өзін Англияға жұмысқа орналастырамын деп таныстырған әйелдің құрбаны болған 10 тұрғын полицияға жүгінді, деп хабарлайды Dalanews.kz Жетінші арнаға сілтеме жасап.
Жәбірленушілердің айтуынша, күдікті оларды Англиядағы жылыжайларда жұмыс істейсіңдер деп сендірген. Онда саңырауқұлақ теріп, айына 1 миллион теңгеден астам табыс табуға болатынын уәде еткен.
Аса ауылының тұрғындары интернеттен жарияланған хабарландыруға сеніп, келісімшарт жасасқан. Шетелге шығу үшін кейбірі несие алып, туыстарынан қарыз сұраған.
Алайда ақша толық төленгеннен кейін әйел байланысқа шықпай, жоғалған. Зардап шеккендер оған жалпы 5 миллион теңгеден астам қаржы аударғандарын айтады.
Жәбірленушілердің бірі Нұрғиса Ибрагимов жұмысынан шығып, шетелге табыс табуға барамын деп үміттенгенін, алайда қазір жұмыссыз әрі қарызға батқанын айтты.
Жамбыл облыстық полиция департаменті мәліметінше, алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. 29 жастағы күдіктінің жеке басы анықталып, халықаралық іздеуге жарияланған.
Қазір оны ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
