Freedom Inside '26

Үй иесі сотта сөйледі: Атыраудағы отбасының өлімі туралы дерек шықты

Үй иесі сотта сөйледі: Атыраудағы отбасының өлімі туралы дерек шықты
Dalanews.kz коллажы

Атырау облысында төрт адамның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бұл іс бойынша Сұлтан Сәрсемәлиев айыпталушы ретінде жауап беруде, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кезекті сот отырысында бірнеше куәгерден жауап алынды. Солардың бірі – Мұнайшы ықшамауданындағы үйін Сәрсемәлиевтің отбасына жалға берген азамат.

Куәгердің айтуынша, Сәрсемәлиевтің отбасы аталған баспананы 2023 жылдан бастап жалдап тұрған. Үйдің ай сайынғы ақысы 50 мың теңге болған. Ақша банк арқылы белгісіз бір адамның атынан аударылып отырған. Алайда куәгер кейбір уақытта отбасының бұл үйде тұрмағанын да айтты.

Үй иесі сотта 2025 жылғы 7 желтоқсанда Сұлтан Сәрсемәлиевпен сөйлескенін мәлімдеді. Оның сөзінше, сол кезде айыпталушы әйелін емдетіп жүргенін айтып, енді үйді жалдамайтынын жеткізген.

Сот отырысында судья Зарема Хамидуллина куәгердің тергеу кезінде берген жауабын оқып берді. Онда үй иесінің жалға берілген баспанаға тек қажет болған жағдайда ғана барып тұрғаны айтылған.

Тергеудегі жауапқа сәйкес, куәгер Сәрсемәлиевтің әйелін бір рет қана сырттай көрген. Ал балаларын мүлде көрмегенін жеткізген.

"Әйелі орамалда еді. Шамамен 27 желтоқсанда үйге барып, есік алдындағы тастың астында тұрған кілттерді алдым. Үйдің ішін қарағанда шашылған заттар немесе дақтар байқалмады. Үй тазаланып кеткен", – делінген куәгердің жауабында.

Сонымен бірге үй иесі мәйітті орауға пайдаланылған кілемнің өзіне тиесілі емес екенін айтты. Оның сөзінше, үй ауласындағы душ ішінде екі күрек пен бір айыр тұрған.

Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр. Істің толық мән-жайы сот барысында анықталмақ.