Маңғыстау облысында жаз басталысымен қарақұрт шаққан тұрғындар саны көбейіп жатыр. Бұл туралы облыстық көпбейінді аурухананың басшысы Берік Қауынов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz Lada.kz-ке сілтеп.
Оның айтуынша, маусым басталғалы бері тек облыстық аурухананың өзіне қарақұрт шаққан алты адам жүгінген. Мұндай жағдайлар Жаңаөзен, Бейнеу, Шетпе және Жетібай елді мекендерінде де тіркелген.
Дәрігерлердің сөзінше, биыл улы өрмекшілер әдеттегіден ертерек белсенділік танытқан.
"Әдетте қарақұрт шаққан адамдардың саны шілде-тамыз айларында көбейеді. Қазір маусымның ортасы ғана болса да, зардап шеккендер саны алаңдаушылық туғызады. Сондықтан тұрғындарды сақ болуға шақырамыз", - деді Берік Қауынов.
Мамандар далада немесе бос жатқан аумақтарда жалаңаяқ жүрмеуге, ашық жерде жұмыс істеген кезде жабық киім киюге кеңес береді. Сондай-ақ, киім мен аяқкиімді кимес бұрын мұқият тексеріп шығу қажет. Заттарды түнде далада қалдырмаған жөн. Ал үй маңындағы аумақтарды құрғақ шөптен, қоқыстан және тастардан тазартып отыру керек.
Қарақұрт байқалса, оны өз бетімен ұстауға немесе жоюға әрекет жасамаған дұрыс. Мұндай жағдайда арнайы қызметтерге хабарласу қажет. Дәрігерлер қарақұрт уы адам ағзасына аса қауіпті екенін айтады. Оның уы жүйке жүйесіне әсер етіп, ауыр асқынуларға әкеп соғуы мүмкін.
Қарақұрт шаққаннан кейін алғашқы сәтте адам жеңіл ауырсыну немесе ашыту сезінуі ықтимал. Алайда 15-60 минуттан соң мынадай белгілер пайда болуы мүмкін:
– бүкіл денеге таралатын қатты ауырсыну;
– бұлшық еттің түйілуі мен құрысуы;
– іш, кеуде және бел ауыруы;
– қан қысымы көтерілуі;
– жүрек соғысы жиілеуі;
– тершеңдік, әлсіздік және мазасыздық;
– жүрек айну, құсу;
– тыныс алу қиындауы.
Әсіресе, балалар, қарт адамдар және жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастар үшін қарақұрт өте қауіпті. Мамандардың айтуынша, дер кезінде медициналық көмекке жүгінген адамдардың басым бөлігі толық сауығып кетеді.